$ 512.32  582.92  6.29

Шерзат ісі: Куәгер тергеу кезінде полиция қысымына ұшырағанын мәлімдеді

Оның сөзінше, жауап алу кезінде полиция қызметкерлері оны екі күн бойы тік тұрғызып қойған.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде куәгер Эльмира Нұрбекова тергеу барысында құқық қорғау органдары тарапынан қысым көргенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Сот отырысында Нұрбекова тергеу кезінде орын алған жағдайды баяндады. Оның сөзінше, жауап алу кезінде полиция қызметкерлері оны екі күн бойы тік тұрғызып қойған.

«Бір полицей маған орындық ұсынып, отыруға рұқсат берді. Алайда артынан екінші қызметкер келіп, балағаттап, қайта тұруымды талап етті. Осылайша екі күн қатарынан тұрдым. Бірақ бұл менің жауабыма әсер еткен жоқ. Не білсем, бәрін айттым», – деді Эльмира Нұрбекова сотта.

Сонымен бірге куәгер сотталушылардың туыстары тарапынан ешқандай қысым немесе хабарласу болмағанын атап өтті. Айыптаушы тарап куәгердің сөздерінде қайшылық бар екенін айтып, соттан оның жауабына ерекше назар аударуды сұрады.

Еске салайық, 2023 жылдың қазан айының басында Талғарда орын алған төбелес кезінде 16 жастағы Шерзат Болат көз жұмған еді. Оқиғадан кейін көп ұзамай марқұмның отбасы тұратын үй өртке оранып, полиция бұл оқиға бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары