"Үйлену тойынан кейін балаларымыз екі ай бойы бізбен бірге тұрды".
Журналист, тележүргізуші Динара Сәтжан ұлы мен келінін бөлек шығарды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол балаларына бөлек пәтер алып, жөндеу жұмыстарын жасап береген.
"Үйлену тойынан кейін балаларымыз екі ай бойы бізбен бірге тұрды.
Осы уақыт ішінде Айнура біздің күнделікті тұрмыс-тіршілігімізді көріп, үйіміздің жылуын сезініп, қонақ күту дәстүрімізбен танысып, көп нәрсені үйреніп үлгерді.
Ал бүгін алғаш рет өз қонақтарын өзі қарсы алып, өз шаңырағының иесі ретінде қадам жасады.
Әрине, жанында әдеттегідей біздің Мамани @akmaral_st өзінің мейірімімен, даналығымен, алтын қолымен көмектесіп жүр.
Ал Айнураның анасы, біздің Тамара құдағи, жасауын әкелді.
Қазақтың қаншама терең мағынаға, ізгі ниет пен ақ тілекке толы әдемі дәстүрлерінің бірі.
Енді балалардың өз жолы басталды.
Өз шаңырағы, өз жаңалықтары, өз қуаныштары мен өз тәжірибелері болады.
Ал өмір дегеніміз… ағып жатқан өзен секілді.
Өз арнасымен аға береді.
Жағалары өзгереді, жаңа бұрылыстар пайда болады, бір кезең аяқталып, екіншісі басталады.
Әр кезеңнің өз сұлулығы, өз сыйы бар.
Ал мен болсам, өз жасымның қадірін бұрынғыдан да терең сезініп, өмірдің осы кезеңінен ләззат алып жүрмін.
Бұл балаларың ержетіп, өз алдына шаңырақ көтерген, жаныңда сүйікті жарың, ата-анаң бар, ал жүрегіңде тыныштық, толысу мен шүкіршілік орнаған ерекше шақ", - деп жазды ол.