$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41

Дильназ Ахмадиеваның даулы клипі: Алматының білім басқармасы шара қабылдайды (ВИДЕО)

Осы уақытқа дейін анықталғандай, әншілер клипті мектепте емес, қаладағы колледждердің бірінде түсірген екен.

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Дильназ Ахмадиева мен «Азия» тобының «Milfa» әніне түсірілген клипіне қатысты Алматы қаласының білім басқармасы түсініктеме берді. Бейнебаянды түсіруге рұқсат берген колледж директоры міндетін атқарушының тәртіптік жауапкершілігі қаралады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy басылымына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде сынға ұшыраған клип мектепте емес, Алматыдағы колледждердің бірінде түсірілген. Білім басқармасының мәліметінше, сол уақытта оқу орнының директоры іссапарда болған. Ал түсірілімге оның міндетін атқарушы рұқсат берген.

Бастапқы жоспар бойынша Дильназ Ахмадиева студенттермен кездесіп, өмір жолы мен шығармашылығы туралы әңгімелесуге тиіс болған. Алайда колледж әкімшілігі түсірілімнің нақты мақсатын, сценарийін және бейнебаян мазмұнын тиісті деңгейде зерделемеген.

«Түсірілім жұмыстарын тиісті келісімсіз ұйымдастыруға жол берген колледж директорының міндетін атқарушының тәртіптік жауапкершілігі қаралады», – деп мәлімдеді білім басқармасы.

Ведомство жауапты лауазымды тұлғалардың әрекетіне баға беріп, ұйымдастырушылық және тәртіптік шаралар қабылдайтынын хабарлады.

Клипке қатысты сыннан кейін «Азия» тобының мүшесі Ренат Басит әлеуметтік желіде видео жариялап, кешірім сұрады.

«Мұғалімдер қауымының атына нұқсан келтірсек, көңілдеріңізге тисек, кешірім сұраймыз. Менің де, Ерболдың да анасы мұғалім. Бізде ондай ой болған жоқ», – деді ол.

Ал топтың контент-менеджері бейнебаянның Бритни Спирстің клипіне пародия ретінде түсірілгенін түсіндірді. Оның айтуынша, түсірілімге қатысқан актерлердің барлығы – кәсіби мамандар.

«Артық кетіп жатсақ, тағы да кешірім сұраймыз», – деді топ өкілі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0