$ 453.65 € 509.99 ₽ 5.31

«Ақшаң болса, кез келген нәрсені сатып аласың»: актер Алмат Сақатов қоғамдағы жемқорлық туралы айтты

Актердің сөзінше, бүгін елден алыста өмір сүріп, шетелде жүрген адамдардың өзі түптің түбінде туған жеріне оралады.

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Актер Алмат Сақатов қоғамдағы жемқорлыққа көзқарас, заңсыздыққа бой үйрету және ел болашағына деген жауапкершілік мәселесін көтерді. Ол қарапайым халықтың да жемқорлықты қалыпты құбылыс ретінде қабылдай бастағанына алаңдайтынын жеткізді, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы. 

Өз сөзінде актер таксимен келе жатып, жүргізушімен болған әңгімесін мысалға келтірді. «Бізде жемқорлық жоқ» деген пікірге қатысты ойын айта отырып, ол бір азаматпен сөйлескенін еске алды. Машинасы ескі, тұрмысы аса жақсы емес екенін байқаған жүргізушіден жемқорлықпен күресетін адамның өзі жемқорлық жасағаны үшін ұсталған жағдайға қатысты пікірін сұраған.

Сонда әлгі азамат:

 «Енді оның орны біреудің баласына керек болған шығар. Өмір ғой», – деген.

Актердің айтуынша, дәл осы жауап қоғамда қалыптасқан қауіпті түсініктің бір көрінісі.

«Міне, біздің философиямыз осы», – дейді Алмат Сақатов ашуланып. 

Оның пікірінше, адамдар отыз жыл ішінде ұрлау, алу, пара беру, сатып алу сияқты әрекеттерге үйреніп кеткен. Соның салдарынан қоғамда заңсыздықты қалыпты нәрсе ретінде қабылдау үрдісі пайда болған.

«Біз осы отыз жылдың ішінде ұрлауға, алуға, сатып алуға үйреніп кеткенбіз. Қазақстанда бәрі сатылады деген түсінік қалыптасып барады», – деді актер.

Алмат Сақатов сөзінің екінші бөлігінде ел басқарған азаматтарға қарата ой тастап, олардың болашақ алдындағы жауапкершілігіне тоқталды. Ол жуырда Ресейден келген бір азаматтың Қазақстан азаматтығын «сатып алғанын» айтқанын мысал ретінде келтіріп, ақшаға кез келген мәселені шешуге болатын түсініктің қоғамға қаншалықты қауіпті екенін жеткізді.

«Ақшаң болса, кез келген нәрсені сатып аласың», – деген актер бұл жағдайға бейжай қарамауға шақырды.

Ол биліктегі азаматтарға:

 «Ей, басшылар, ұялмайсыңдар ма?», деп сауал қойды.

Актердің сөзінше, бүгін елден алыста өмір сүріп, шетелде жүрген адамдардың өзі түптің түбінде туған жеріне оралады.

«Ертең осы жерде өздеріңнің бала-шағаларың тұрады ғой. Қайтып келесіңдер бәрібір. Тым болмаса өлген әкең мен атаңның басына Құран оқуға келесіңдер ғой. Лондонда тұрасыңдар ма, Нью-Йоркте тұрасыңдар ма – түбі келесіңдер осы жерге», – деді ол.

Сақатовтың пікірінше, елдің бүгінгі жағдайы мен болашағына жауапкершілікпен қарау – тек қарапайым халықтың емес, мемлекет тізгінін ұстаған азаматтардың да міндеті.

«Болашақтарыңды ойламайсыңдар ма? Түсінбеймін», – деп түйіндеді актер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0