04.09.2026, 17:40

Алматыдағы Энрике Иглесиастың концертінде 2 мыңға жуық полицей кезекшілік етеді

Фото: onvibe.me

Осыған байланысты көрермендерге бағытын алдын ала жоспарлап, ертерек келу ұсынылады.

Алматыда Энрике Иглесиастың концерті кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Орталық стадион мен оған іргелес аумақта 2 мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істеп, қоғамдық тәртіпті, көрермендердің қауіпсіздігін және ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз етеді.

Стадион маңында көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілуі мүмкін. Осыған байланысты көрермендерге бағытын алдын ала жоспарлап, ертерек келу ұсынылады.

Концертке кіру сағат 16:00-ден бастап Абай даңғылы мен Байтұрсынов көшесі жағынан ашылады. VIP Standing санатындағы билет иелері үшін кіру Сәтбаев көшесі жағынан ұйымдастырылады. Кіреберісте тексеру жүргізілетіндіктен, келушілерге ережемен алдын ала танысып, тыйым салынған заттарды өзімен бірге алмау ұсынылады.

Қоғамдық көлік, оның ішінде метро қалыпты режимде жұмыс істейді. Концерт аяқталғаннан кейін көрермендер үшін әуежай, Орбита, Алматы-1, Райымбек даңғылы – Алатау көшесі және Алматы Арена бағыттары бойынша қосымша шаттл ұйымдастырылады.

Ұйымдастырушылар мен құқық қорғау органдары көрермендерді қауіпсіздік ережесін сақтауға және полиция қызметкерлері мен бақылаушылардың талабын орындауға шақырады.