04.09.2026, 11:20

«Мені итеріп жіберетін»: Асанәлі Әшімовтің жары актердің ел білмейтін қырын айтты

Фото aikyn.kz

"Көз жасымды ішке жұтып, ештеңе болмағандай жүре беретінмін".

Марқұм актер Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова «Время» газетіне берген сұхбатында жұртқа айбарлы болып көрінген жарының күнделікті тұрмыста мүлде басқа адам болғанын айтып берді, деп хабарлайды деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бағдат Әшімованың сөзінше, үйдегі ер адамдарға тән ауыр шаруалардың басым бөлігін өзі атқарған. Тіпті актер қарапайым тұрмыстық дүниелерді де біле бермеген.

«Ол тұрмыстық мәселелерден мүлде хабарсыз еді. Тоқ есептегішті қалай өшіру керегін де, газ плитасын қалай жағуды да білмейтін. Розетка жөндеу, шүмек ауыстыру сияқты жұмыстардың бәрі менің мойнымда болды. Тіпті үйді де өзім салдым», – деді Бағдат Әшімова.

Жарының айтуынша, Асанәлі Әшімов сезімін сөзбен жиі білдіре бермеген. Алайда актердің қарапайым ғана жылы сөзі оның жұбайы үшін үлкен мағынаға ие болған.

«Ол маған жақсы сөз айтып, жылы комплимент жасай бермейтін. Кейде тек "Жарайсың, қатын" дейтін. Бірақ бұл мен үшін үлкен марапат еді», – деп еске алды ол.

Бағдат Әшімова актердің көпшілік арасындағы мінезіне де тоқталды. Оның айтуынша, Асанәлі Әшімов өзіне шамадан тыс көңіл бөлгенді ұнатпаған әрі мінезі оңай болмаған.

Кей кездері актер елдің көзінше жарының қолын тартып жіберіп немесе итеріп қалған сәттер де болған.

«Мұндай кезде көз жасымды ішке жұтып, ештеңе болмағандай жүре беретінмін. Бірақ оның бір рет күлгені немесе айтқан бір жылы сөзі мені қайта қанаттандыратын», – деді Бағдат Әшімова.

Осылайша, актердің жары Асанәлі Әшімовтің сахнадағы және экрандағы айбынды бейнесінің ар жағында тұрмыста қарапайым дүниелерге бейім емес, сезімін көп білдіре бермейтін ерекше мінезді адам болғанын еске алды.