"Маған оның жаңа тактикасы қызық болып тұр".
Қазақстандық тележүргізуші әрі журналист Динара Сатжан өзін әлеуметтік желіде балағаттап, жалған ақпарат таратты деп айыптаған ақтөбелік әйелмен соттасып жатқанын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін желіде Бағдагүл есімімен танымал блогер видео жариялаған болатын. Осыдан кейін Динара Сатжан Instagram парақшасында мәлімдеме жасап, өзін «емші» ретінде таныстырған Бағдагүл Лепесованы балағат сөздер айтып, жалған ақпарат таратты және заң талаптарын бұзды деп айыптаған еді.
Журналистің айтуынша, сот отырысы кезінде Бағдагүл Лепесова өзін мүлде танымайтынын айтып мәлімдеген.
«Маған оның жаңа тактикасы қызық болып тұр. Ол мені танымайды екен. Кешірім сұраудың орнына, мен туралы емес, басқа адам туралы айтқандай кейіп танытып отыр», – деді Динара Сатжан әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар журналист әлеуметтік желіде ар-намысқа тиетін пікірлер мен балағат сөздерге тап болған азаматтарға құқықтық жолмен әрекет етуге кеңес берді.
Оның айтуынша, мұндай жазбалар мен жарияланымдарды нотариус арқылы ресми түрде бекітіп қойған дұрыс.
«Әлеуметтік желіде жауап жазып, жанжалға араласудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайларды нотариус арқылы рәсімдеуге болады. Кейін пост немесе тікелей эфир өшіріліп қалса да, ол дәлел ретінде сақталады. Сараптама арқылы балағат сөздің барын анықтап, содан кейін сотқа жүгінуге болады», – деді журналист.