Бесікке салу рәсімін қазақ эстрадасының танымал әншісі Жазира Байырбекова атқарды.
«МузАРТ» тобының әншісі Сәкен Майғазиев пен жары Динара Майғазиева тұңғыш немерелері – Әдемі Әділетқызының құрметіне ұлттық дәстүрге сай бесік той өткізді. Тағылымға толы салтанаттан бейнежазбалар әлеуметтік желіде жарияланып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бесікке салу рәсімін қазақ эстрадасының танымал әншісі Жазира Байырбекова атқарды. Қазақы салт-дәстүрге сай өткен рәсімде сәбиге ақ тілектер айтылып, жиналған қауым кішкентай Әдеміге бақытты ғұмыр тіледі.
Жазира Байырбекованың бесік жырын жанды дауыста орындаған сәті де көптің көңілін елжіретті. Желі қолданушылары бұл көріністі «тұнып тұрған қазақылық», «дәстүрдің дәріптелуі», «тәрбиелік мәні зор шара» деп бағалап, жылы лебіздерін жаудырды.
«Біздің балалар Жазира Байырбекованың бесік жырын YouTube-тен тыңдап ұйықтайды. Ал Әдемі сол әуенді жанды дауыста естіп, бесікке бөленді. Бұдан асқан бақыт бар ма?!» – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Айта кетейік, Сәкен Майғазиевтің тұңғыш немересінің дүниеге келгені туралы қуанышты хабарды әншінің отбасы бұған дейін әлеуметтік желіде бөліскен болатын. Енді қазақы дәстүрмен өткен бесік той көпшілік тарапынан жоғары бағаланып, желіде қызу талқыланып жатыр.