"Қайда кетеді ол?"
Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиева әріптесі Роза Рымбаеваның сахнамен қоштасуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тимур Балымбетовке берген сұхбатында әнші соңғы кезде Роза Рымбаеваның өнерден кету жайлы жиі айтатынына қатысты сұраққа жауап берді.
Нағима Есқалиеваның айтуынша, Роза Рымбаеваның сахнадан біржола кетуі екіталай. Ол әріптесінің бүкіл ғұмыры өнермен тығыз байланысты екенін атап өтті.
"Ол қайда кетеді? Алла Пугачеваның өзі талай рет сахнадан кететінін айтып, қайта оралған. Роза да өнерсіз ұзақ жүре алмайды. Немерелерінің жанында біраз отырғанымен, бәрібір сахнаны сағынады. Өйткені сахна – оның өмірі", – деді әнші.
Сонымен қатар Нағима Есқалиева Роза Рымбаеваны бірнеше рет ұстаздық қызметке шақырғанын айтты. Алайда өнер иесі бұл ұсынысты қабылдамаған.
Оның пікірінше, Роза Рымбаева академияда дәріс берсе, жас таланттарға бағыт-бағдар көрсетіп, білікті педагог болар еді.
"Егер ол біздің академияда сабақ берсе, көптеген студенттің жолын ашар еді. Өте мықты ұстаз болатын еді", – деп түйіндеді Нағима Есқалиева.