22.05.2026, 09:20

«Жұмысынан 2 сағатқа сұранып барған»: блогер Сәуле Базарханның жақындары жанайқайын жеткізді

Фото: Instagram/saule_bazarkhan

Марқұм Сәуле Базархан оқиға болар күні жұмысынан екі сағатқа сұранып шығыпты.

Алматыда блогер қаза тапқан пластикалық хирургия клиникасын денсаулық сақтау министрлігі тексере бастады. 53 жастағы Сәуле Базархан липосакция жасатуға өз аяғымен барып, орталықтан мәйіті шыққан. Марқұмның туыстары өлімнің нақты себебін біле алмай дал. Олар КТК телеарнасына сұхбат беріп, мән-жайды баяндады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Марқұм Сәуле Базархан оқиға болар күні жұмысынан екі сағатқа сұранып шығыпты. Орталыққа туысымен бірге барған. Бірақ бір жарым сағатқа жоспарланған ота уақытында бітпеген. Тек арада үш сағат өткенде клиникадағылар жедел жәрдем шақыртады. Қаралы хабарды туыстарына солар жеткізіпті.

"4-тен 3 минут кеткенде алып кетті, ішке қарай деді. Маған "күтіңіз" деп айтты. "Операция қанша болады?" дегенде, бір жарым сағаттай болады деп айтыпты. Бір жарым сағат болды ғой, сағат бес жарым болды ғой, шығатын уақыты болды ғой деген. Ештеңе айтпайды. Дәрігерлер кіреді, шығады. Жүгіріп жүр дейді. Соны толық айтпады дейді. Жедел жәрдем келіп, ол да кіріп кетті де, қайтадан шығып, қайтып кетті деді", - дейді марқұмның ағасы Болатхан Ермаханов.

53 жастағы Сәуле өмірге құштар еді, дейді жақындары. Жүзуді жаны сүйген марқұм стоматология саласында жұмыс істеген. Бір миллионнан аса оқырманы бар блогер әлеуметтік желідегі парақшасын жүйелі жүргізіп отырыпты. Марқұмның артында екі баласы қалды. Қара жамылған жақындары мән-жайды анықтап, кінәлі адамдарды тиісті жазаға тартуды талап етеді. Қазір әйелдің өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған.