Ол кездесуден видеоны Instagram парақшасында жариялады.
Суретші Әсел Сабыржанқызы әлемге танымал әншілер Nicole Scherzinger мен Keri Hilsonге арнап кілемге салынған ерекше картиналарын сыйға тартты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазақстандық суретші алдымен жақын күндері Алматы мен Астана қалаларында өнер көрсететін әнші Кери Хилсонмен кездескен. Ол кездесуден видеоны Instagram парақшасында жариялады.
Кадрлардан Әселдің әншіге өз қолымен жасаған туындысын табыстап жатқанын көруге болады. Кери Хилсон қазақстандық суретшінің еңбегіне жоғары баға беріп, ерекше ықыласын білдірген.
— Кери Хилсонды Алматыға келе салысымен осындай сыйлық күтіп тұрды. Өте мейірімді, стильді әрі қарапайым жан екен. Тіпті менің видеомды көріп, stories-іне де жариялап үлгеріпті, — деп жазды суретші.
Кейін Әсел Сабыржанқызы әйгілі Pussycat Dolls тобының бұрынғы солисі Николь Шерзингермен де кездесіп, оған арнайы әзірленген кілем-картинаны сыйлаған.
Суретшінің айтуынша, әлемдік жұлдыз сыйлықты ерекше ықыласпен қабылдаған.
— Мен Николь Шерзингерге картинамды сыйладым. Бұл түс сияқты. Ол өте ашық, мейірімді әрі сұлу жан екен. Тіпті мені құшақтап алды. Өкінішке қарай, ағылшын тілім ойымды толық жеткізуге мүмкіндік бермеді, — деді Әсел.
Желі қолданушылары қазақстандық суретшінің еңбегіне тәнті болып, жылы лебіздерін білдіріп жатыр.