Ол — жауапкершілігі жоғары әке, мейірімді әрі ақылды жан.
Әнші Тамара Асардың күйеуі Бекмырза Жұмаш Айтжанұлының бұрынғы әйелі Эльвира Жүсіпбекова әлеуметтік желіде жазба жариялап, отбасылық өмірі мен бизнеске қатысты жағдайларды ашық айтты. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Эльвира Жүсіпбекованың сөзінше, бұрынғы жұбайы кәмелетке толмаған балаларының оқу ақысын төлеуден бас тартып, соттасып жүрген көрінеді.
«Бір әке бұрынғы некедегі балаларына көмектесіп, қызметкерлеріне пәтер сыйлап жатса, енді бір әке кәмелетке толмаған балаларының оқу ақысын төлеуден бас тартып, соттасып жүр», — деп жазды ол.
Сондай-ақ ол «Астық» зауыты Қазақстандағы элеваторларды жабдықпен қамтамасыз ететін жалғыз кәсіпорын екенін айтып, аталған бизнес заңды некеде жүрген кезде құрылғанын жеткізді.
«Араға сегіз жыл салып, ол менімен заңды некеде бола тұра, Тамара Асарға кетіп қалды және бүкіл бизнесті өзімен бірге алып кетті. Қазіргі таңда біздің ортақ некеден туған балаларымен араласпайды, олардың медициналық, білім беру және басқа да қажетті шығындарына көмектеспейді», — деді Эльвира Жүсіпбекова.
Оның айтуынша, ажырасудан кейін өзі табыссыз қалып, зауыттағы жұмысынан айырылған. Ал алимент көлемі балалардың сапалы білім алуына жеткіліксіз екенін алға тартты.
Ал Бекмырза Жұмаштың қарындасы Әсел Жүсіпбекова бұрынғы жеңгесінің мәлімдемесін жоққа шығарды.
«Сен Жаратқанға өміріңде менің ағам Жұмаштай адамды кездестіргенің үшін шүкір айтуың керек. Ол — жауапкершілігі жоғары әке, мейірімді әрі ақылды жан. Ажырасқанда бірнеше пәтерді, қала орталығындағы коттеджді, сұлулық салонын және премиум көлікті саған қалдырды. Балаларға көмектесті және әлі де көмектесіп келеді», — деп жазды ол.
Әлеуметтік желідегі бұл жазбалар қызу талқыланып, желі қолданушылары екі тараптың пікіріне байланысты түрлі көзқарас білдіруде.