$ 461.55  540.38  6.15

«Жағдайымды біліп істеп отыр»: Меруерт Өтекешова продюсер Баянға жауап қатты

Сонымен қатар, сұхбат барысында Меруерт Өтекешева Баян Алагөзованың бұл қадамын өнерге деген құрмет деп түсінетінін жеткізді.

Коллаж: sn.kz
Коллаж: sn.kz

Қазір әлеуметтік желілерде продюсер Баян Алагөзова мен жұбайы Тұрсын Алагөзовтың қазақ киносының аңызы Меруерт Өтекешеваға жасаған ерекше тартуы талқылануда. Продюсер актрисаға құндыз тон сыйлап, өмірінің соңына дейін ай сайын 1 миллион теңге көлемінде сыйақы беріп тұруға уәде берген болатын, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

24KZ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешеваға хабарласып, мән-жайды біліп көрді. Аңыз актриса бұл жаңалықты өзі де әлеуметтік желіден естіп, таңғалғанын жасырмады. Оның айтуынша, Баян Алагөзовамен осы уақытқа дейін бетпе-бет кездесіп, сөйлеспеген.

"Бұл жаңалық мен үшін өте күтпеген жерден болды. Баянмен өмірде кездеспеген екенбіз, жеке таныстығымыз жоқ. Бірақ оның жұмыстарын сырттай бақылап, талантты продюсер ретінде құрметтеймін", - дейді Меруерт Өтекешева.

«Қыз Жібектің» камзолы туралы Көпшілікті мазалаған сауалдың бірі - аты аңызға айналған «Қыз Жібек» фильміндегі камзолдың Баян Алагөзоваға қалай жеткені болды.

"Актриса бұл жөнінде өз болжамын айтты: "Фильм түсірілімінен кейін ол камзолды көрмегенмін. Киностудия жабылған кезде костюмдердің бірі костюмердің қолында кеткен болуы мүмкін. Кімнің қолында болғанынан бейхабармын. Дегенмен, сол жәдігерді 50 жыл бойы көздің қарашығындай сақтап, бүлдірмей бүгінге жеткізгені үшін алғысымды айтамын. Камзолдың Баянға берілгеніне ренжімеймін. Ол да өнер адамы, қадірін біледі. Баян оны бәрібір мұражайға тапсыратынын айтты, бұл шешіміне ризамын", - дейді актриса. 

Сонымен қатар, сұхбат барысында Меруерт Өтекешева Баян Алагөзованың бұл қадамын өнерге деген құрмет деп түсінетінін жеткізді.

"Құман екеуіміз өмір бойы халық үшін еңбек еттік. Бізде бизнес болған жоқ, бір жалақыға қарап жұмыс істедік. Сондықтан Баян біздің жағдайымызды түсініп, осындай ізгі ниет танытып отыр деп ойлаймын", - деді актриса.

Продюсердің ұсынған сый-сияпатын қабылдау мәселесіне келгенде, Меруерт Өтекешева әлі нақты шешім айтпады. Себебі, екі тарап әлі кездесіп, жүзбе-жүз сөйлеспеген. Халықтың сүйікті актрисасына көрсетілген мұндай құрмет әлеуметтік желі қолданушыларының арасында жылы лебіз тудыруда. Ендігі кезек - қос өнер иесінің ресми кездесуінде.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 165
Ұнамайды 6
Күлкілі 13
Ашулы 2