Ол сәбиінен ерте айырылғанын айтып, жылдар өтсе де жүректегі жараның жазылмағанын жеткізді.
Белгілі режиссер Ақан Сатаевтың бірінші әйелі әлеуметтік желіде өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі туралы әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Ол сәбиінен ерте айырылғанын айтып, жылдар өтсе де жүректегі жараның жазылмағанын жеткізді.
«Бүгін менің қызым Томирис 32 жасқа толар еді. Бірақ ол небәрі 9 күн ғана өмір сүрді. Отыз жылдан астам уақыт өтсе де, сол күннен кейінгі жан түршігерлік тыныштық әлі есімде. Сол кезде оның бір рет тыныс алғаны үшін, бір рет жылағаны үшін, оны құшағыма бір сәт ұстау үшін барымды берер едім. Бірақ ондай мүмкіндік болмады… Сол кезде анам маған тірек болды. Жүрегім мен тәнім жараланып қалды, ал омырауымдағы сүт басқа сәбиді аман алып қалды — менің “сүт балам” бар», – деп жазды ол.
Сонымен қатар ол кейінгі өмірінде Алланың өзіне тағы балалар сыйлағанын айтып, ана болудың қадірін ерекше сезінгенін жеткізді.
«Кейін өмір жалғасты. Құдай маған бес бала сыйлады. Мен оларды өсіріп, әр сәтін бағаладым: баланы құшақтау, алғашқы қадамдарын көру, күлкісін есту – бұл өздігінен берілетін нәрсе емес. Бұл – кез келген адамға бұйыра бермейтін үлкен сый», – деді ол.
Жазба авторы қазіргі таңда да бұл қайғы жүрегінде сақталғанын айтып, ата-аналарға маңызды үндеу жасады.
«Бүгін мен бұл жазбаны аяныш үшін емес, еске салу үшін жазып отырмын. Шаршадым деп, қыңырлығы үшін немесе ұйқысыз түндер үшін балаларыңызға ренжімеңіздер. Өмір қысқа әрі болжаусыз. Бәрі Алланың қолында. Балалар – біздегі ең қымбат байлық. Оларды қадірлеңіздер, ешқашан теріс айналмаңыздар», – деп түйіндеді ол.
Желі қолданушылары бұл жазбаға бейжай қарамай, авторға қолдау білдіріп, жылы пікірлер қалдырды.