28.03.2026, 11:30

«Жылап алдым!»: Әнші Алтынай Жорабаева қызының тойына дайындалып жатыр

Фото: Видеодан алынған кадр

Қазір әнші қызының тойына дайындалып, құдағи атанатын күнді тағатсыздана күтіп жүр.

Қазақстандық әнші Алтынай Жорабаева жақында қуанышты жаңалығымен бөлісті. Өнер иесінің екінші қызы сүйіктісінен үйлену туралы ұсыныс алған. Бұл туралы журналист Анна Данченкомен болған сұхбатта айтылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әншінің айтуынша, бұл жаңалықты алғашында ерекше толқыныспен қабылдаған. Себебі екі қызының жас айырмашылығы небәрі екі жыл ғана. Кіші қызы бұл маңызды қадамға бармас бұрын әпкесінің рұқсатын алған екен. Үлкен қызы қарындасына ақ жол тілеп, өз бақытының да алда екеніне сенім білдірген.

"Екі қызымның арасы екі жас. Кішісі әпкесінің рұқсатын алыпты. Үлкен қызым оған бақыт тілеп, өзінің де жолы ашылатынына сенім білдірген. Мұны естігенде жылап алдым! Негізі қыздарыма асықпауға, аяққа тұрып алуға кеңес бергенмін. Бірақ бұйрық осылай болыпты. Алла сол күнге жеткізсін", - деді әнші.

Осы сәтті естіген Алтынай Жорабаева көз жасына ерік бергенін жасырмады. Ол бұған дейін қыздарына асықпай, алдымен өз орындарын табуға кеңес бергенін айтты. Дегенмен, өмірдің өз жолы бар екенін атап өтті.

Қазір әнші қызының тойына дайындалып, құдағи атанатын күнді тағатсыздана күтіп жүр.