$ 486.2  557.82  6

Нұрлан Сабуровтың әйелі Ресейдегі кәсіптерін жаба бастады

Әңгіме 2025 жылы сусындар мен темекі өнімдерін сату үшін тіркелген «ДС Ритейл» компаниясы туралы болып отыр.

Фото: instagram.com/saburova_diana
Фото: instagram.com/saburova_diana

Стендап-комик Нұрлан Сабуровтың жұбайы Диана Сабурова Ресейдегі өз бизнесін жабу процесін бастады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әңгіме 2025 жылы сусындар мен темекі өнімдерін сату үшін тіркелген «ДС Ритейл» компаниясы туралы болып отыр.

Mash мәліметінше, соңғы 12 айда компания активтері 1 миллион рубльге (2026 жылғы 17 наурыздағы бағам бойынша шамамен 5,2 миллион теңге) дейін өскен. Алайда наурыз айының басында Сабурова компанияны тарату туралы өтініш берген.

Сонымен қатар Нұрлан Сабуровтың Ресейде концерттер ұйымдастырумен айналысатын «Сабр продакшн» компаниясы әлі де жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың соңындағы дерек бойынша, компанияның 18,5 мың рубль (шамамен 96 мың теңге) көлемінде салық берешегі бар.

Комик Ресейдегі мансабы барысында жылжымайтын мүлік те сатып алған. Атап айтқанда, бағасы шамамен 50 миллион рубль (шамамен 260 миллион теңге) болатын Новориж тас жолы бойындағы зәулім үйі бар.

Диана Сабурова (қыз кезіндегі тегі Әбішева) 1991 жылғы 30 сәуірде Екатеринбург қаласында дүниеге келген. Мектептен кейін Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне оқуға түскен.

2010 жылдардың басында ол Нұрлан Сабуровқа тұрмысқа шыққан. Ерлі-зайыптылардың екі баласы бар — қызы Мәдина және ұлы Тагир. 2014 жылы отбасы Мәскеуге көшіп, сол жерде Сабуров Stand Up шоуы арқылы танымал болды.

2019 жылдан бастап Диана Instagram желісінде белсенді блог жүргізіп, отбасы, аспаздық және жарнамалық контент жариялап келеді.

Сондай-ақ 2026 жылғы 5 ақпанда ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Мәліметтерге сәйкес, оның қызметі сахналық өнер, іс-шаралар ұйымдастыру, жарнама және демалыс-ойын-сауық саласындағы жобалармен байланысты.

Еске салайық, Нұрлан Сабуров 5 ақпаннан 6 ақпанға қараған түні Дубайдан ұшып келген кезде Мәскеудегі Внуково әуежайында ұсталған болатын. Сол жерде оған Ресейге кіруге тыйым салынғаны туралы хабарлама табысталған. Бұл шектеу 30 қаңтардан бастап күшіне енген, алайда Сабуров бұл туралы тек әуежайға келгенде ғана білген.

Бірнеше сағаттан кейін ол Алматыға ұшып кеткен. Қазақстанға оралғаннан кейін оған қатысты ресейлік әскерилерге мотоцикл берді деген ақпаратқа байланысты тексеріс басталған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0