Сондай-ақ әнші елде жоспарланған концерттерін кейінге шегергенін мәлімдеді.
Белгілі әнші Жазира Байырбекова әлеуметтік желіде қазіргі жағдайына қатысты мәлімдеме жасап, өзіне алаңдап хабарласқан жандарға алғыс білдірді, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесінің айтуынша, ол жариялаған қысқа видео түрлі әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тарап кеткен.
"Біздің амандығымызды тілеп, алаңдап хабарласып жатқан барша жанға шын жүректен алғыс айтамыз. Дайрект пен WhatsApp желісіне келген көптеген хаттарға жауап ретінде сторисқа қысқаша видео жариялаған едім. Ол видео түрлі әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарына тарап кетіпті. Ешкімді уайымдату ниетіміз болған жоқ", – деп жазды әнші.
Жазира Байырбекованың сөзінше, қазіргі уақытта олар Оман мемлекетінің Маскат қаласына өткен. Елшілік өкілдерінің мәліметінше, елден жіберілетін арнайы ұшақтарға аяғы ауыр әйелдер, I–II санаттағы мүгедектігі бар азаматтар, 5 жасқа дейінгі балалар мен қарттар отырғызылады.
"Заң солай екен. Біз алты адамбыз және бұл санатқа кірмейміз. Сондықтан әзірге өзге елдер арқылы ұшу мүмкіндіктерін күтіп отырмыз", – деді ол.
Сондай-ақ әнші елде жоспарланған концерттерін кейінге шегергенін мәлімдеді.
"Елімізде жоспарланған мемлекеттік және жеке концерттерімізге билет алған көрермендерден кешірім сұраймыз. Егер билет алған концертке үлгермей жатсақ, аман-есен жеткен соң басқа күнге ауыстырамыз. Бізге тілегендеріңізді, өздеріңізге де тілейміз. Жақсылықта қауышайық", – деді Жазира Байырбекова.