Ерлі-зайыпты үйді қаңқасынан бастап қайта салып шыққан.
Астанада танымал тележүргізуші Динара Сәтжан жұбайы, кәсіпкер Жұмабек Жанықұловпен бірге жаңа үйін алғаш рет көпшілікке таныстырды. Ерлі-зайыпты баспанасының ішкі көрінісін Бейбіт Әлібековтің «По домам» жобасы арқылы көрсетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жаңа қоныс елордадағы Қараөткел коттедж қалашығында орналасқан. Бұрын «депутаттар қалашығы» аталып кеткен бұл аудан тележүргізушінің көптен бері көңілінен шыққан. Бастапқыда екі отбасыға арналып салынған үйді жаңа иелері толықтай бұзып, қаңқасынан қайта тұрғызған және кең залмен толықтырған. Отбасы бұл баспанаға 2025 жылдың 20 қыркүйегінде, Динара Сәтжанның туған күні қарсаңында көшіп кірген.
Жалпы аумағы 500 шаршы метрден асатын үй классикалық стильде безендіріліп, ұлттық нақыштағы элементтермен үйлестірілген. Әр бөлмеде қазақстандық шеберлер жасаған жиһаз бен декор қолданылған. Үй заманауи технологиялармен жабдықталған: брондалған терезелер, жылы еден, желдету және кондиционерлеу жүйелері орнатылған. Сондай-ақ «ақылды үй» жүйесі арқылы кейбір құрылғыларды дауыспен басқаруға болады.
Бұл шаңырақта Динара мен Жұмабек балалары Даниал мен Дианамен, сондай-ақ екі жақтың аналарымен бірге тұрады. Тележүргізуші үлкен отбасымен бір шаңырақ астында өмір сүруді жақсы тәрбие мен отбасы құндылықтарының көрінісі деп атап өтті. Ал жұбайының бұрынғы некеден туған балалары Алматыда тұрады.
Қонақтарды кең холл мен баспалдақ қарсы алады, кіреберісте аяқ киімге арналған бөлек гардероб қарастырылған. Үйде төрт санитарлық торап бар. Баспананың айрықша тұстарының бірі — ұлттық стильде жасалған, толық әйнектелген «қазақ бөлмесі». Алғашында оны Бали үлгісінде безендіру жоспарланғанымен, кейін қазақы концепция таңдалған. Мұнда төмен үстелдер мен көрпелер қойылып, өткен ғасырдың 30-жылдарына тиесілі киіз үй есігі интерьер элементі ретінде пайдаланылған.
Қонақ қабылдайтын негізгі залдың аумағы 130 шаршы метр, төбесінің биіктігі — жеті метр. Залда бірнеше өнер туындысы мен ірі композициялар бар. Соның бірі — қозғалыстағы адам бейнелері бейнеленген, салмағы 140 келі болатын қабырға панносы. Оны орнату үшін арнайы металл қаңқа жасалған. Сонымен қатар композиция Меккедегі Қағбаның кілтінің көшірмесімен толықтырылған.
Динараның анасына арналған бөлмеде 1961 жылы тоқылған, Әзербайжаннан әкелінген кілем ілінген. Қабырға италиялық Missoni бренді тұсқағазымен көмкерілген. Балалардың бөлмелері де жеке безендірілген: Диананың бөлмесінде кең санитарлық торап пен жеке косметикалық үстел бар, ал Даниал жуырда бөлек пәтерге көшуді жоспарлағандықтан, оның бөлмесі қарапайым жасалған.
Ерлі-зайыптылардың жатын бөлмесі гардеробпен қабырғасыз әрі есіксіз тікелей жалғасады. Динара Сәтжан мұндай шешім қарбалас кестемен өмір сүретін жандар үшін ыңғайлы екенін айтты. Гардероб озондау жүйесімен жабдықталған, ал жатын бөлмеден ашық террасаға шығуға болады. Жазда мұнда демалыс аймағын жасау көзделген.
Room-tour асүймен аяқталды. Үй иесінің айтуынша, асүй тек сән үшін емес — мұнда тұрақты түрде тамақ әзірленеді, тіпті қонақтарға қызмет көрсететін аспаз да бар. Асүй қажетті ыдыс-аяқ пен заманауи техникамен толық жабдықталған.