Қазір формат басқа, жаңа жұлдыздар, трендтер бар.
Алматыда өтетін Роза Рымбаеваның мерейтойлық концертіне билеттер толықтай сатылып кетті. Соған қарамастан, өнерпаздың жанкүйерлері әншіден қосымша концерт ұйымдастыруды сұрап отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
7 ақпанда Алматыдағы Республика сарайында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның мерейтойлық кеші өтеді. Әнші сахнадағы 50 жылдық шығармашылық жолын атап өтпек. Концертке арналған билеттердің түгелдей сатылып кеткенін ұлы, әнші Әли Оқапов мәлімдеді.
Роза Рымбаева қазіргі сахнадағы өзгерістерге де тоқталды.
«Шынымды айтсам, уайымдадым. Қазір формат басқа, жаңа жұлдыздар, трендтер бар. Олар – сәнді, олар – өзекті», – деді ол.
Алайда Әли Оқапов анасының өнері уақыттан тыс екенін атап өтті.
«Сәнділер бар, ал мәңгілік өнер де бар», – деді әнші.
Роза Рымбаева үшін есеп беру концертінің аншлагпен өтуі үлкен қуаныш екенін айтты. Дегенмен билет алып үлгермеген жанкүйерлердің ренішін де жасырмады.
«Мүмкін, тағы бір концерт берермін деп ойланып жүрмін. Бірақ бәрі сіздерге байланысты, қымбатты көрермендерім. Егер қолдау білдіріп, тағы келгіңіз келсе, екінші концерт ұйымдастыруға болады», – деді әнші.
Айта кетейік, жанкүйерлер Роза Рымбаеваның қосымша концертін тек Алматыда ғана емес, басқа қалаларда да өткізуді ұсынып отыр.