Бұған дейін бұл жобада Billie Eilish, Drake, Doja Cat, Tyla, Joji, Kali Uchis, Daniel Caesar және өзге де әлемге әйгілі әртістер өнер көрсеткен.
Көпшілікке Yenlik лақап атымен танымал қазақстандық рэпер Еңлік Құрарбек халықаралық Colors музыкалық жобасының жаңа шығарылымына қатысады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Yenlik жанды дауысты ән орындаумен танылған ең беделді шоудың біріне арнайы шақырту алған Қазақстаннан шыққан алғашқы орындаушы атанды. Бұған дейін бұл жобада Billie Eilish, Drake, Doja Cat, Tyla, Joji, Kali Uchis, Daniel Caesar және өзге де әлемге әйгілі әртістер өнер көрсеткен.
Әншінің өкілдерінің айтуынша, Colors жобасына қатысу Еңліктің көптен бергі арманы. Өнер иесі бұл жобаны бұрыннан бақылап жүрген, тіпті екі жыл бұрын өзі өтінім жіберіп көргенімен, ол кезде жауап болмаған.
“Шақырту келгенде қатты қуанып, тіпті жылап жібердім. Бұл жоба маған әрдайым қол жетпестей көрінетін. Екі жыл бұрын өзіміз өтінім жолдаған едік, жауап болмады. Ал биыл Colors командасы өздері хабарласты”, – деді ол.
Yenlik-тің сөзінше, жобаның ерекшеліктерінің бірі – өнерпаздарды қатаң әрі интуитивті түрде іріктеу. Colors командасы жанрмен де, географиямен де шектелмей, әртүрлі мәдениет пен музыкалық бағыттағы орындаушыларды таныстырады. Сондықтан ол кураторлардың назарын оның авторлық үні мен қазақ тілін қолдануы аударған болуы мүмкін деп топшылайды.
“Көлемді қойылым күткенімізбен, жоба керісінше шағын әрі формасы дәл шықты, түсірілім барысы небәрі 1-2 сағатқа созылды, ал Colors командасы әншіні ашық көңілмен, жылы қарсы алды. Эпизодтың визуалды фоны ретінде таңдалған түс Yenlik-тің түсіндіруінше, шынайы нәзік күштің символы – ол осы күйді өз шығармашылығы арқылы жеткізгісі келеді”, – деді әншінің өкілдері.
ColorsxStudios – 2016 жылы құрылған Германияның музыкалық платформасы. Бірнеше жыл ішінде жоба бұрынғы радиостудияда басталған шағын стартаптан әлемдегі ең ықпалды музыкалық арналардың біріне айналды.
Жоба өзінің минималистік эстетикасымен ерекшеленеді, әр шығарылым біртүсті фондағы сахнада, декорациясыз және көзді алаңдататын визуалды элементтерсіз түсіріледі. Мұндай формат тыңдарманның назарын тек музыкаға, дауысқа және орындаушының сахнадағы болмысына аударуға мүмкіндік береді. Қазір Colors YouTube-арнасының 8,2 миллионнан астам жазылушысы бар, ал қаралым саны шамамен 3,5 миллиардқа жеткен.
Айта кетейік, Yenlik-тің әндері әлеуметтік желілерде жиі хитке айналып жүр. Мәселен былтыр күзде әнші 11 композициядан тұратын BIPL атты күзгі альбомын шығарды. Жинақтағы “Meili” мен “16 Qyz” тректері қазақстандықтардың назарын бірден аударып, TikTok-та, әсіресе бишілер арасында, жылдам танымал болды.