Назар Шерхан ажырасу ойы жиі келетінін жасырмай айтып, бірақ оны ең оңай әрі жеңіл шешім деп санайтынын жеткізді.
«Келінжан» телехикаясындағы Мәдібек рөлі арқылы танылған актер Назар Шерхан Kezdesu show бағдарламасына берген сұхбатында отбасы, неке және ажырасу тақырыптары туралы ойын ашық айтты. Оның «күнде ажырасқым келеді» деген сөзі әлеуметтік желіде кең талқыланып, қызу пікірталас туғызды, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Актердің айтуынша, қоғамда махаббат пен отбасы тым мінсіз күйде көрсетіледі, бірақ шын өмірде кез келген жанұяда түсініспеушілік пен ішкі күрес болатынын мойындау қажет.
«Маска тақпайтын адам жоқ. Үйде жұбайымен ұрысып қалса да, сыртқа шыққанда бәрі бақытты болып көрінуге тырысады. Барлық жағдайды жария ете бермейсің. Кейде достарға айтсаң, татуластырып жіберетін кездер болады», – дейді ол.
Назар Шерхан ажырасу ойы жиі келетінін жасырмай айтып, бірақ оны ең оңай әрі жеңіл шешім деп санайтынын жеткізді.
«Иә, кейде менің де күнде ажырасқым келетіні рас. Бұл өте ауыр. Бірақ мен білемін: жұбайым – балаларымның анасы. Біз талай қиындықтан бірге өттік. Ол талай рет қолдау көрсетті. Қалай оңай ажырасып кете саламын? Ажырасу – ең жеңіл жол. Бұл дұрыс емес», – деді актер.
Ол сонымен бірге отбасын сақтау көбіне ер азаматтың табандылығы мен төзімділігіне байланысты екенін атап өтті.
«Мүмкін, ажырасу туралы ойды азғыру, әлсіздік тудырар. Егер соған ерік берсек, еркектің өзі жеңіледі. Қазір мықты болу, отбасыңды қорғау маңызды. Сол үшін соңына дейін күресу керек», – деді ол.
Бұл пікірлер қоғамда біржақты қабылданған жоқ. Желі қолданушыларының бір бөлігі актердің шынайылығын құптаса, енді бір бөлігі оның ойын жеткізу тәсілін сынға алды.
Пікірлер арасында: «Шындықты айтып отыр», «Күнде ажырасқым келеді дегені ауыр сөз», «Ойы дұрыс, бірақ жеткізілім әлсіз», «Бұл сөз жұбайының жүрегіне ауыр тиюі мүмкін», «Отбасылық құндылықты қорғаймын десең, алдымен сол құндылықты сақтауың керек», «Жеке өмірді көпшілікке шығармау керек еді» деген тәрізді жазбалар жиі кездеседі.
Қалай болғанда да, Назар Шерханның бұл сұхбаты қоғамда отбасы құндылығы, ер мен әйелдің жауапкершілігі және некедегі шынайылық туралы кең талқылау тудырғаны анық.