Бақыт Хаджибаев бүгінде театр мен кинода жарқырап жүрген дарынды актерлердің бірі.
Театр және кино саласында есімі кеңінен танылған актер Бақыт Хаджибаев өзіне берілген жоғары мемлекеттік марапатты ең алдымен өнердегі ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Нұрқанат Жақыпбайға арнап, шынайы алғысын білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бақыт Хаджибаев бүгінде театр мен кинода жарқырап жүрген дарынды актерлердің бірі. Алайда оның өнер жолы тағдырдың күтпеген бұрылыстарынан бастау алды. Нұрқанат Жақыпбай бұл сәтті ерекше еске алады:
“Сол күн есімде… Жас Бақыт Хаджибаев оператор боламын деп, аудиторияны шатастырып, менің емтиханыма кіріп кеткен еді. Бірақ мен оны жай қателік деп қабылдамадым. Ішкі түйсігім бұл жігітті өнерге тағдыр өзі әкелді деді. Сол сәттен бастап оның сахнадағы өмірі басталды,” – дейді ұстазы.
Сол күннен бері шәкірт пен ұстаз арасындағы рухани байланыс үзілген емес. Нұрқанат Жақыпбайдың бағыт-бағдары мен сенімі, ал Бақыт Хаджибаевтың табанды еңбегі арқасында, бүгінде актер «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына қол жеткізді.