Олжас Абай өз сөзінде жеке өміріне қатысты жалған әңгімелер мен қауесеттердің негізсіз екенін де атап өтті.
Белгілі актер Олжас Абай әлеуметтік желіде соңғы уақытта өзіне айтылып жүрген сынға жауап берді. Ол өз парақшасында «бір отбасының шырқын бұзды» деген айыптауларға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Оу, ағайын! Өмірге ренішті болып, жаман сөз жазып, мені жерден алып, жерге салып жатқандарың орынды емес. Осы уақытқа дейін мен түскен киноларды көріп, “молодец” деп қошамет соғып едіңдер. Енді бір жақты ойлайтын адамның қызғанышына сеніп, менің өнерге деген шексіз сүйіспеншілігімді аяқ асты етпеңдер», — деді актер.
Олжас Абай өз сөзінде жеке өміріне қатысты жалған әңгімелер мен қауесеттердің негізсіз екенін де атап өтті.
«Некедегі әйелімен ажыраспай жатып көз салады дегендер — мені түсінбегендер. Әр нәрсенің соңы болады. Ешкім жауапсыз қалмайды. 15 жылда 25-тен аса кинотуындыға түсіп, халықтың миллиондаған қошеметіне бөленген актер ретінде мен өз еңбегіммен жетістікке жеттім», — деді ол.
Актер әріптесі, актриса Дариға жайлы да жылы пікір білдіріп, кәсіби қарым-қатынасты жеке өмірмен шатастырмауды сұрады.
«Дариғадай мінезді, мықты актрисамен серіктес болып жұмыс істедім. Сол еңбегімді өнер жолындағы жетістік деп білемін», — деді Олжас Абай.
Сөзінің соңында актер көпшілікке сабырлы болуға, асығыс пікір таратпауға шақырды.
«Басымды бала күннен тік көтеріп жүрмін, ары қарай да жүре берем. Актер ұлдарыңыз – Олжас Абай», — деп қорытындылады ол.