23.09.2025, 12:20

Төреғали Төреәліні айтыстан кім «шеттеткені» белгілі болды

Фото: видеодан скриншот

"Оған дейін бір рет жеңілген едім, есемді қайтаруға бел будым".

Айтыскер ақын Сырым Әуезхан журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында Төреғали Төреәлінің айтыстан кетуіне өзі себепкер болғанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Жүрсін аға айтысқа шақырды. Ол кезде айтысқа сын көп айтылып жатқан – жаттап алып айтысады, ұпай берілмейді деген сияқты. Мен айтысқа бір күн қалғанда қосылдым. Қарсыласым – Төреғали болды. Оған дейін бір рет жеңілген едім, есемді қайтаруға бел будым. Айтысымыз нағыз төбелес секілді өтті. Сол жолы жеңген соң, Төреғали айтысқа шықпай кетті. Әрине, «менің тепкімнен қашты» деп айта алмаймын, бірақ содан кейін сахнаға шықпағаны рас. Қазір арамыз жақсы», – деді Сырым.

Айта кетейік, бұған дейін айтыскер ақын Бек Шымат мектепте оқып жүргенде актердің алдауына түскенін еске алған.

«10-сыныпта оқып жүргенде актер Бақытжан Қасымов өзін Жүрсін Ерманмын деп таныстырды. Дауысын алғаш естіп тұрғандықтан сеніп қалдым. «Арнау айтасың ба?» деді. Болды, дедім. Кейін қайта хабарласып, «Никита деген орыс шал қайтыс болды, соның қасында арнау айтасың» деді. Мен шынымен дайындалып алыппын ғой», – деп күлді ол.

Ақынның сол арнауы:

«Көзімнің ағы менен қарасындай, Никита ағам еді дәл осындай. Орыс болса да қазақтың баласындай...»

Бұл әңгіме студиядағыларды қыран-топан күлкіге қарық қылды.