23.09.2025, 12:00

«Моншаға барып, көңілді уақыт өткіздік»: Backstreet Boys тобының әншілері Астанада қалай демалғанын көрсетті

Фото: @backstreetboys

Әлемге әйгілі Backstreet Boys тобы Қазақстанға жасаған сапарынан әсерлі сәттерін әлеуметтік желіде бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әншілер елордадағы моншалардың біріне барып, демалып, шахмат ойнап, уақыттарын көңілді өткізген. Сондай-ақ олар Астананың мәдени орындарын аралап, Бәйтерек пен «Алтын адам» ескерткішінде суретке түскен.

Backstreet Boys мүшелері елордада жаңадан ашылған Бейбітшілік пен келісім саябағына ағаш егіп, экологиялық шараға да үлес қосты.

Ник Картер мен Брайан Литтрелл қазақстандық көрермендерге ризашылықтарын білдірді.

— «Қазақстанда ғажайып уақыт өткіздік. Бізді ерекше жылы қабылдады. Музыка – бәрімізді біріктіретін күш. Өз атымнан ағаш отырғызғаныма қуаныштымын», – деді Брайан Литтрелл.

— «Біз Қазақстанға алғаш рет келдік, бәрі тамаша өтті. Ұмытылмас екі керемет концерт үшін алғыс айтамын», – деп қосты Ник Картер.

Айта кетейік, Астанада өткен концертке 45 елден 12 мыңнан астам турист келген. Олардың қатарында Германия, Польша, Франция, Түркия, Финляндия, Литва, Эстония, Чехия, Сербия, Грекия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан және басқа мемлекеттердің жанкүйерлері болды.