"Бір өтінішім бар!"
Танымал тележүргізуші әрі шоумен Марат Оралғазин алматылықтарды алдағы өтетін «Қайрат» – «Реал Мадрид» кездесуінде өз клубына жанкүйер болуға шақырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ол үндеуін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
«Достар, Алматыға «Реал Мадрид» келеді. Бұл – арманның орындалған сәті. «Қайратқа» үлкен алғыс. Бірақ бір өтінішім бар! Құрметті ағайын, ертең орталық стадионда «Реал Мадридке» жанкүйер болып отырмаңыздаршы. Ұят болады. Масқара болып қаламыз. Қанша жерден мадридтік клубтың жанкүйері болсаңыз да, өз еліңіздің командасын қолдау керек. Ертең ақ жейде киіп бармаңыздар, барлығымыз қара-сары түсті киініп, бірауыздан «Қайратқа» жанкүйер болайық. Бұл – ерекше мүмкіндік. Балалық арманымызды жүзеге асырып жатқан «Қайратқа» рахмет», – деді ол.
Айта кетейік, 27 тамызда Алматыда өткен Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінің қарымта ойынында «Қайрат» шотландиялық «Селтикті» пенальти сериясында 3:2 есебімен жеңіп, турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алған болатын. Алматылық клубтың 21 жастағы қақпашысы Темірлан Анарбеков 120 минут бойы қақпасын голдан сақтап, үш бірдей пенальтиді қайтарды.