Бұл туралы Kyodo News хабарлады.
Жапонияның орталық бөлігінде болған магнитудасы 5,7 жер сілкінісі салдарынан кемінде 20 адам жарақат алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жерасты дүмпулері Сидзуока префектурасының батыс бөлігінде тіркелген. Жапония метеорологиялық агенттігінің мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы шамамен 40 шақырым тереңдікте орналасқан.
Жер сілкінісінің дүмпуі көршілес Айти префектурасындағы Тита қаласында қатты сезілген. Мұнда сейсмикалық қарқындылық Жапонияның жеті балдық шкаласы бойынша 5+ деңгейіне жеткен.
Жергілікті билік пен өрт сөндіру қызметтерінің мәліметінше, тұрғындардың бір бөлігі эвакуация кезінде құлап, жарақат алған. Алдын ала мәлімет бойынша, өмірге қауіп төндіретін ауыр жарақаттар тіркелмеген.
Жер сілкінісінен кейін цунами қаупі жарияланған жоқ.