10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Алматы халықаралық әуежайында биыл наурыз айында болған төтенше жағдайға байланысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
67 жастағы қала тұрғыны әуежай қызметкерін кепілге алып, сөмкесінде жарылғыш зат бар деп мәлімдеген. Қазір бұл қылмыстық іс Түрксіб аудандық сотында ашық түрде қаралып жатыр.
Айыптау қорытындысына сәйкес, азаматқа ҚР Қылмыстық кодексінің үш бірдей бабы бойынша айып тағылған:
• 261-баптың 2-бөлігінің 4-тармағы – Кепілге алу (7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған);
• 293-баптың 3-бөлігі – Қару немесе оған ұқсас зат қолдана отырып жасалған бұзақылық (3 жылдан 7 жылға дейін);
• 273-бап – Терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат тарату (5 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы).
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы, прокурор Бертаевтың мәлімдеуінше, айыпталушы өз кінәсін тергеу кезінде толық мойындап, ұсынылған дәлелдерге қарсы келмеген. Соның нәтижесінде іс қысқартылған тәртіппен қаралып жатыр.
Жәбірленуші – Алматы әуежайының қызметкері Ботагөз Мұхтарова сотта оқиғаның мән-жайын баяндап берді. Оның айтуынша, 7 наурыз күні ер адам өзін полицияға жеткізуді талап етіп, сөмкесінде бомба барын айтып қорқытқан. Оқиға орнында қауіпсіздік қызметі шұғыл әрекетке көшіп, дереу құқық қорғау органдарын шақырған. Сот барысында күдікті жасаған әрекетіне өкініш білдіріп, кінәсін тағы да толық мойындады. Қазіргі таңда сот процесі жалғасып жатыр, ал нақты үкім алдағы уақытта шығарылады.