$ 455 € 498.77 ₽ 5.56

Ангелина Лукас тарихи отаны Германияда 18-рет жеңіске жетті

Фото: instagram.com/angelina_lukas1997
Фото: instagram.com/angelina_lukas1997

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас Германиядағы алғашқы жекпе-жегін жеңіспен аяқтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Тараздық спортшы 21 қарашада Ландсхут қаласында өткен XFN 2 – Exaltus Fight Night турнирінде аргентиналық Аньелен Эспиносадан басым түсіп, кәсіпқой рингтегі жеңістер санын 18-ге жеткізді.

Қазақстандық боксшы үшін бұл кездесу тек кезекті жекпе-жек емес, ерекше маңызға ие оқиға болды. Өйткені Лукас Германияға алғаш рет рингке шығумен қатар, өзі тарихи отаным деп атайтын елде өнер көрсетті. Оның үстіне, жекпе-жек өткен Sparkassen-Arena аренасында ине шаншар орын болмаған. Ұйымдастырушылар мәліметінше, кеш аншлагпен өтті.

Сегіз раундқа жоспарланған кездесуде Ангелина тәжірибелі қарсыласымен қолғап түйістірді. Аргентиналық Аньелен Эспиносаның кәсіпқой бокста сегіз жеңісі мен екі жеңілісі бар. Қос спортшының жолы бұған дейін де түйіскен. Олар 2013 жылы Болгарияның София қаласында өткен әлем чемпионатына қатысқан.

Кездесуден кейін қазақстандық боксшы Германиядағы дебютінің өзі үшін үлкен жауапкершілік болғанын айтып, жанкүйерлеріне алғысын жеткізді. Сондай-ақ ол кәсіби мансабында АҚШ, Мексика, Аргентина, Чили, Қытай, Таиланд және басқа да елдердің өкілдерімен жұдырықтасқанын атап өтті. Ал Қазақстанның көк туын Германия, Түркия, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай және өзге мемлекеттердегі жарыстарда көтергенін мақтанышпен жеткізді.

Бұған қоса, Ангелина Лукас WBC, IBF және IBO рейтингтерінде бірінші орынға көтерілгенін, қазіргі уақытта әлемдік рейтингтің үздік үштігіне еніп, абсолютті әлем чемпионы атағына таласуға мүмкіндік алып отырғанын мәлімдеді.

Еске салсақ, 2024 жылдың қазан айында Ангелина Лукас аргентиналық Дебора Лопесті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, екінші жеңіл салмақта IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0