21.11.2026, 15:30

Қуат Хамитов Қазақстандағы UFC турнирінде жекпе-жек өткізуі мүмкін

Фото: КазТАГ

Бұл туралы Tengri Sport мәлімдеді. 

Қазақстандық ММА файтері Қуат Хамитов елімізде UFC турнирі өтсе, октагонға шығуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол отандық турнирде кездескісі келетін қарсыластарын атады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Tengri Sport мәлімдеді.

Қазақстандағы танымал файтерлердің бірі UFC турнирін елімізде өткізу мүмкіндігіне оң көзқарас білдірді. Оның айтуынша, егер спорт министрі бұл ақпаратты ресми жарияласа, оған толық сенуге болады.

– Қазақстанда турнир өтуі мүмкін деп ойлайсыз ба?

– Егер спорт министрі жарияласа, бұл жүз пайыздық ақпарат деп ойлаймын! – деді Қуат тілшіге берген сұхбатында.

Сондай-ақ спортшы отандық турнир аясында кіммен жұдырықтасқысы келетінін де жасырмады.

– Егер мүмкіндік болса, октагонға қандай қарсыласпен шыққыңыз келеді?

– Қарсыласқа келетін болсақ, мен Қазақстанда жақсы танымал спортшылармен кездесер едім. Мысалы, Нил Мэгни немесе Стивен Томпсон. Қызықты жекпе-жек болар еді, екеуміз де соңғы кездесуімізде нокаутпен жеңіске жеттік! Жақсы ардагерлер айқасы болар еді, – деп атап өтті Қуат.

Еске салайық, 10 қарашада UFC өкілдері Алматыда Қазақстанда турнир өткізу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізгені хабарланған болатын.

Кейін туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та еліміздің UFC турнирін қабылдауы мүмкін екенін растады. Оның айтуынша, қараша айының соңында Қазақстанда 2027–2028 жылдары UFC турнирін өткізуге қатысты нақты шешім жариялануы мүмкін.