19.11.2026, 15:00

Михаил Шайдоров бапкер Алексей Урмановпен жұмысын тоқтатты

Фото: olympic.com

Қазір Михаил Шайдоров жаңа олимпиадалық циклді бастады.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың бапкері Алексей Урмановпен енді жұмыс істемейтінін растады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Министрдің айтуынша, тараптар арасындағы келісімшарт бұзылып, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы жаңа олимпиадалық циклге кіріскен. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қазір Михаил Шайдоров жаңа олимпиадалық циклді бастады. Алексей Урмановпен жасалған келісімшарттың бұзылғаны рас», – деді министр.

Сондай-ақ Ербол Мырзабосынов Алексей Урмановқа алғыс айтып, оның қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың дамуына қосқан үлесін атап өтті. Министрлік тәжірибелі маманның алдағы уақытта еліміздің жас спортшыларымен жұмыс істейтініне үміт артады.

«Біз өз тарапымыздан Алексей Урмановқа зор алғысымызды білдіргіміз келеді. Ол – өзі Олимпиада алтынын жеңіп алған және олимпиада чемпионын дайындауға көмектескен маман. Осы үш жыл ішінде Михаилдің командасымен ауқымды жұмыс атқарылды», – деді Ербол Мырзабосынов.

Михаил Шайдоров жыл басынан бері 13 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, төрт-бес жарысқа қатысқан. Сондай-ақ олимпиада чемпионының жаңа бапкерлер тобын таңдауға және бағдарламасына жаңа элементтер енгізуге құқығы бар екенін атап өтті.

«Біз Михаилді әрдайым қолдаймыз. Қазір ол олимпиада чемпионы ретінде жаңа команданы таңдауға, сол мамандармен жұмыс істеуге және жаңа элементтерді меңгеруге құқылы», – деді министр.

Тегтер: бапкер