Қазақстандық боксшылар Назым Қызайбай мен Ангелина Лукас арадағы ұзақ жылдарға созылған өкпе-ренішті артта қалдырып, қайта табысты. Екі спортшы Тараз қаласында өтіп жатқан Қазақстан чемпионаты кезінде кездесіп, ашық әңгімелескен, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Назым Қызайбай журналист Аслан Қаженовке берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, кездесуге дейін әлеуметтік желі арқылы хабарласып, жарыс басталған соң жүзбе-жүз сөйлесуге келіскен.
«Кездесуге дейін әлеуметтік желіде жазысып, әңгімелестік. Жарысқа келгеннен кейін жолығып, шай ішіп, өткен-кеткенді ұмытып, біраз сырластық. Енді ұрысып-тартысып жүретін кішкентай бала емеспіз. Өмірде түрлі жағдай болады ғой. Ол өз қатесін түсінді. Бір-бірімізбен ашық сөйлесіп, осындай шешімге келдік», – деді Назым Қызайбай.
Боксшылар арасындағы келіспеушілік 2021 жылы, екеуі де Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетіп жүрген кезде басталған. Кейін өзара түсініспеушілік ашық айыптауларға ұласып, қоғамда қызу талқыланды. Жанжалға спорт саласының өкілдері де араласқан.
Осы оқиғалардан кейін Ангелина Лукас ұлттық құрамадан кетіп, кәсіпқой боксқа ауысты. Ал Назым Қызайбай әуесқой бокстағы мансабын жалғастырып, 2024 жылы Париж Олимпиадасында Қазақстан қоржынына қола медаль салды.