Абиба мен Ермахан бір-біріне жарыстарда үнемі қолдау көрсетіп отырады.
Ақтауда дзюдодан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған Азияның ашық кубогы аяқталды. 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ермахан Әнуарбеков топ жарып, алтын медаль жеңіп алды. Оның жеңісіне жары, белгілі дзюдошы Абиба Әбужақынова ерекше қуанды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Спортшының айтуынша, бұл жеңіс Ермахан үшін де, Қазақстан құрамасы үшін де маңызды болды. Жақында өткен ел чемпионатында жеңіліп қалған балуанның көңіл күйі түсіңкі болған. Сондықтан Азия кубогындағы алтын медаль оның жігерін қайта жануға сеп болған.
Абиба мен Ермахан бір-біріне жарыстарда үнемі қолдау көрсетіп отырады. Ермахан финалдық белдесуден кейін жарына телефон шалып, «Бұл – біздің медаль» деген. Абиба да бұған дейін Азия ойындарында күміс жүлде алған кезде Ермаханға осындай сөз айтқанын еске алды.
«Бір-бірімізді осылай жігерлендіреміз. “Барлық жеңістер әлі алда, босаңсыма, саған сенемін” деп үнемі қолдау көрсетіп отырамын», – деді дзюдошы.
Абиба Әбужақынова Бакуде өткен әлем чемпионатындағы жеңілісті де ауыр қабылдағанын жасырмады. Оның сөзінше, жарыстар арасындағы уақыттың аздығы мен ұзақ ұшу спортшының бабына әсер етуі мүмкін. Токиодан Бакуге ұшу 13 сағатқа созылған.
Соған қарамастан, дзюдошы бапкерлерін кінәламайтынын айтты. Өйткені әлем чемпионатына қатысуға өзі өтініш білдірген. Ол 2023 жылы Португалиядағы Гран-при турнирінде жеңіске жетіп, төрт күннен кейін Париждегі Grand Slam жарысында қола медаль алғанын да еске салды.
Спортшы Жапонияда өткен Азия ойындарының финалында алтын медальға төрт секундтың жетпей қалғанын айтты. Оның пікірінше, шешуші сәтте жылдам шешім қабылдағанда, нәтиже басқаша болуы мүмкін еді.
Абиба жарақаттарынан толық айыққанын және Азия ойындарында спорттық бабын сезінгенін жеткізді. Енді ол келесі айдың ортасында Загребте өтетін Гран-при турниріне, ал желтоқсанның ортасында Душанбеде өтетін Masters жарысына қатысуды жоспарлап отыр.
Дзюдошының айтуынша, бір отбасында екі спортшының болуының басты артықшылығы – бір-бірінің жағдайын жақсы түсініп, қиын сәттерде демеу бола білу. Абиба жарысқа дайындалғанда Ермахан қолдау көрсетсе, Ермахан татамиге шыққанда жары оған жанкүйер болады.