Оның өткір пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Қазақстан ұлттық құрамасының ойындарына көңілі толмаған футбол жанкүйері Төлепберген Құдайберген команда ойыншыларына ашық сын айтты. Ол құраманың қатарынан жеңіліс тауып, антирекордқа жақындап келе жатқанын айтып, футболшыларды орындарын босатуға шақырды, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Жанкүйердің пікірінше, ұлттық құрамадағы қазіргі ойыншылар өз мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай отыр. Ол футболшыларға намыс пен жауапкершілік танытып, қажет болса, ұлттық құрама сапынан өз еркімен кетуді ұсынды.
«Ұлттық құраманың жігіттері, алаңды босата салыңдаршы. Сендерден ештеңе шықпайды. Кішкене ұяттарың болса, қоя салыңдар. Антирекордқа ойнап жатырсыңдар. Бір емес, үнемі жеңіліс», – деді Төлепберген Құдайберген.
Оның айтуынша, жанкүйерлер ұлттық құрамадан нәтижелі ойын күтеді. Алайда кезекті жеңілістерден кейін халықтың көңілінде күмән көбейген.
Төлепберген Құдайберген ұлттық құрама ойыншыларына өткір талап қойды. Ол футболшыларға ұлттық құраманы шетелде жарысқа шақырған жағдайда барудан бас тартуды ұсынды.
«Сендерді шақырса, “бармаймыз, ойнамаймыз” деп қоя салыңдар. Өздерің бір ойын ашып алып, сол жерде жүре беріңдерші. Анық көз жетті, сендерден, мына құрамадан ештеңе шықпайды», – деді жанкүйер.
Футбол жанкүйерінің айтуынша, ұлттық құрамадағы жағдайды өзгерту үшін жаңа ойыншыларға мүмкіндік беріп, команданы қайта жасақтау қажет.
Оның өткір пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.