Матчты алаң иелері белсенді бастағанымен, есепті бірінші болып Бельгия ашты.
Франция құрамасы Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі төртінші турда Бельгияны 4:1 есебімен жеңді. Кездесу Сен-Денидегі «Стад де Франс» стадионында өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Матчты алаң иелері белсенді бастағанымен, есепті бірінші болып Бельгия ашты. Кездесудің 35-минутында «Бенфика» клубының қанат ойыншысы Доди Лукебакио мүмкіндігін мүлт жібермей, қонақтарды алға шығарды.
Франция құрамасы алғашқы таймда есепті теңестіре алмады. Бельгиялықтар екінші таймның соңғы бөлігіне дейін 1:0 есебіндегі басымдығын сақтап тұрды.
Ойынның шешуші сәті 77-минутта болды. ПСЖ шабуылшысы Дезире Дуэ есепті теңестіріп, Францияны қайтадан ойынға қосты.
Арада төрт минут өткенде «Манчестер Сити» жартылай қорғаушысы Райан Шерки француздардың екінші голын соғып, алаң иелерін алға шығарды.
Кездесудің 88-минутында «Бавария» ойыншысы Майкл Олисе есепті 3:1-ге жеткізді. Ал қосымша уақытта ол тағы бір гол соғып, дубль жасады.
Осылайша Франция құрамасы Бельгияны 4:1 есебімен жеңіп, Ұлттар лигасындағы кезекті жеңісіне қол жеткізді.