18.09.2026, 13:00

«Астана» – «Қайрат» матчінен кейін жанжал шықты

Фото: Sports.kz.

Шымкентте өткен кездесуде «Астана» 1:0 есебімен жеңіске жетті. 

«Астана» мен «Қайрат» арасындағы ҚПЛ матчінен кейін қос команданың бас бапкерлері Григорий Бабаян мен Рафаэль Оразбахтин арасында сөз таласы болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Екі бапкер арасындағы дау матчке дейін басталған. «Тобылдан» жеңілгеннен кейін Оразбахтин «Астана» жаттықтырушысы алматылықтармен ойын алдында негізгі құрамдағы футболшыларын сақтап қалуды шешкенін айтқан. Сондай-ақ ол елордалықтардың «Ордабасыға» қарсы кездесуде үздік сұрмергенінсіз ойнағанын атап өткен.

«Меніңше, ең бастысы – өмірде дұрыс бағытта жүру керек. Ар-ұжданмен өмір сүріп, адам болып қалу маңызды. Бәріміз пендеміз. Жетістікке түрлі жолдармен жетуге болады, бірақ өзіңмен-өзің қалғанда, өміріңде жасаған істерің үшін ұялмауың керек. Егер сен оны адал істесең... Бәріміз соған ұмтылуымыз қажет», – деген еді Оразбахтин.

Ал «Астана» мен «Қайраттың» кездесуінде елордалықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ойынның 11-минутында «Қайрат» футболшысы алаңнан қуылып, «Астана» бір ойыншы артықшылығын пайдаланды.

Матчтен кейін Оразбахтин баспасөз мәслихатына шығып, көп сөйлемейтінін айтып, бір ғана сөзбен шектелді.

«Баршаңызға қайырлы күн! Көп сөйлемеймін, бір-ақ сөз айтамын: шапито! Рақмет!» – деді ол конференция залынан шығып бара жатып.

Бұл сөз Бабаянның да назарына ілікті. «Астана» бапкері әріптесінің мәлімдемесіне жауап беріп, оның мұндай сөз айтуына таңғалғанын жеткізді.

«Оразбахтинге қатысты сұрақ – ол өзіне неге жол береді, өзін кім деп ойлайды? Мен жай ғана таңғалғанымды айтамын, өйткені онымен қарым-қатынасымыз өте жақсы еді. Мен ол 1:4 есебінен кейін эмоциямен айтты, кейін хабарласып немесе жазып: "Тыңдашы, сол жерде қызып кетіппін..." дейтін шығар деп ойладым», – деді Бабаян.

Ол бапкерлер мамандығының қиын екенін айтып, әріптестер бір-бірін қолдауы керек екенін атап өтті.

«Бірақ ештеңе жоқ. Шапито? Білмеймін, бәлкім ол өзі туралы айтқан шығар, мүмкін сайқымазақ келген болар», – деп жауап берді Бабаян.