18.09.2026, 11:20

Қамшыбек Қоңқабаев басшылық қызметке тағайындалды

Фото: Әлеуметтік желіден

Қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев «Спортшылар кеңесінің» спорт директоры қызметіне тағайындалып, ұйымның басшылық құрамына қосылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қамшыбек Бисенбайұлы — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері және бокстан ұлттық құраманың бұрынғы капитаны. Ол Токио Олимпиадасында қола жүлде жеңіп алып, әлем чемпионаттарында екі рет күміс медаль иеленген. Сондай-ақ Азия чемпионаттарында төрт мәрте күміс жүлдегер атанды.

Тәжірибелі спортшы көп жыл бойы аса ауыр салмақта Қазақстан намысын қорғап, ірі халықаралық жарыстарда ел қоржынына жүлде салды. Спорттағы жетістіктері мен елге сіңірген еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталып, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленді.

«Спортшылар кеңесі» спортшылар мен спорт ардагерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғаумен айналысады. Ұйым олардың ұсыныстары мен өзекті мәселелерін тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп, спорт саласын дамытуға бағытталған бастамаларды қолдайды.

Сонымен қатар кеңес спорт қауымдастығы мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуды көздейді. Қамшыбек Қоңқабаев жаңа қызметінде жинақтаған тәжірибесін осы міндеттерді жүзеге асыруға жұмсамақ.