Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы чемпион Хамза Ширазға қарсы жекпе-жек өткізсе, 250 452 доллар көлемінде кепілдендірілген гонорар алады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
16 қыркүйекте титулдық кездесуді ұйымдастыру құқығына арналған промоутерлік сауда өтті. Фрэнк Уорреннің Queensberry Promotions компаниясы 1 001 809 доллар ұсынып, аукционда жеңіске жетті.
Жәнібектің мүддесін қорғайтын Top Rank компаниясының ұсынысы 820 мың долларды құрады.
WBO ережесіне сәйкес, жүлде қоры чемпион мен міндетті үміткер арасында 75/25 үлесімен бөлінеді. Нәтижесінде Хамза Шираз 751 356,75 доллар, ал Жәнібек Әлімханұлы 250 452,25 доллар алады.
Осылайша, жекпе-жекті ұйымдастыру құқығы Queensberry Promotions компаниясына өтті. Алайда промоутерлік сауданың аяқталуы кездесудің міндетті түрде өтетінін білдірмейді.
Бұған дейін Шираз ұсынылған гонорар көңілінен шықпаса, WBO чемпиондық белбеуінен бас тартуы мүмкін екенін мәлімдеген. Сондықтан британиялық боксшының соңғы шешімі әлі күтіледі.
Жәнібек Әлімханұлы WBO шешімімен Хамза Шираздың міндетті қарсыласы болып бекітілген. Егер чемпион жекпе-жекке келіссе, кездесу екінші орта салмақтағы WBO белбеуі үшін өтеді.