14.09.2026, 15:20

Елдос Сметов дзюдодан биылғы әлем чемпионатына қатыспайды

Фото: Казинформ

60 келіге дейінгі салмақта Бақытжан Аман мен Шерзод Давлатов өнер көрсетеді.

Дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов қазан айында Әзербайжан астанасы Бакуде өтетін әлем чемпионатында татамиге шықпайды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

60 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасының атынан әлем чемпионатында Бақытжан Аман мен Шерзод Давлатов өнер көрсетеді. Ал осы салмақтағы Азия ойындарына Елдос Сметов қатысады.

Жарыстарға қатысатын қазақстандық дзюдошылардың құрамы бірқатар салмақ дәрежесінде әртүрлі. Дегенмен кей спортшылар Азия ойындары мен әлем чемпионатында да ел намысын қорғайды. Олардың қатарында Әбиба Әбужақынова мен Эсмигүл Куюлова бар.

Дзюдодан Азия ойындарындағы бәсекелер 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді. Ал Бакудегі әлем чемпионаты 4 қазанда басталып, 11 қазанға дейін жалғасады.

Қазақстанның 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатын дзюдодан құрамасы:

Ерлер:

60 келіге дейін – Бақытжан Аман, Шерзод Давлатов; 66 келіге дейін – Нұрқанат Серікбаев, Асылжан Жұбатқанов; 73 келіге дейін – Есет Қуанов, Аңсарбек Ғайнуллин; 81 келіге дейін – Жалғас Қайролла, Абылайхан Жұбаназар; 90 келіге дейін – Данил Крылов.

Әйелдер:

48 келіге дейін – Әбиба Әбужақынова, Ғалия Тынбаева; 63 келіге дейін – Эсмигүл Куюлова; 78 келіге дейін – Аруна Жангелдина; 78 келіден жоғары – Ақерке Рамазанова, Камила Берліқаш.

Елдос Сметовтің спортқа қайта оралуы

Елдос Сметов соңғы жылдары Олимпиададағы тұрақты нәтижесімен тарихта қалды. Ол 2016 жылғы Рио Олимпиадасында күміс, 2020 жылғы Токио Олимпиадасында қола медаль жеңіп алса, 2024 жылы Парижде чемпион атанды. Осылайша Сметов Қазақстан тарихында дзюдодан Олимпиада алтынын иеленген алғашқы спортшы болды.

Париж Олимпиадасынан кейін дзюдошы біраз уақыт үзіліс алды. Спортшы осы кезеңде ағылшын тілін меңгеріп, сонымен қатар бұрыннан мазалаған жарақаттарына байланысты бірнеше рет операция жасатты.

Сметовтің үлкен спортқа қайта оралғаннан кейінгі алғашқы жарысы 2026 жылдың маусымында Қытайда өткен Гран-при турнирі болды. Қазақстандық дзюдошы бәсекені екі жеңіспен бастағанымен, жарыс қорытындысы бойынша бесінші орынға тұрақтады.