07.09.2026, 13:00

Бедел немесе белбеу: Шираз Жәнібекпен жұдырықтасудан бас тартуы мүмкін

Фото: Sports.kz

Алайда чемпиондық белбеуді жекпе-жексіз босату Шираздың беделіне кері әсер етуі ықтимал.

WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасуға келісуі немесе чемпиондық белбеуден бас тартуы мүмкін. Британдық боксшының алдында тұрған екі таңдаудың да салдары ауыр болмақ, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Америкалық Boxing News 24⁠ басылымының жазуынша, Шираз Жәнібекпен кездесуден бас тартуын допинг мәселесіне қатысты ұстанымымен түсіндіре алады. Бұған дейін ол WBO-ның қазақстандық боксшыны міндетті үміткер ретінде тағайындауын «әзіл» әрі «масқара шешім» деп сынаған еді.

Алайда чемпиондық белбеуді жекпе-жексіз босату Шираздың беделіне кері әсер етуі ықтимал. Британдық боксшы вакантты титулды 39 жастағы Алем Бегичті жеңу арқылы иеленіп, алғашқы қорғауында Симон Захенхуберден төрешілердің басым дауысымен әрең басым түскен.

Егер Шираз Жәнібекпен кездесуден бас тартса, бұл қазақстандық боксшының «ол тек атына заты сай емес чемпион» деген сөзін қуаттай түспек.

Ал жекпе-жекке келісу де британдық үшін үлкен тәуекел саналады. Басылым Әлімханұлын қарсы шабуылда шебер қимылдайтын, соққысы жойқын солақай боксшы ретінде сипаттады. Жәнібектен жеңілу Ширазды чемпиондық атақтан ғана емес, Сауль «Канело» Альварес немесе Крис Юбэнкпен өтетін табысты жекпе-жектерден де алыстатуы мүмкін.

«Шираз белбеуден бас тартуын қағидатқа негізделген шешім ретінде көрсете алады. Алайда өзін екі салмақта да қуып жеткен қарсыласынан мерзімінен бұрын жеңілу әлдеқайда ауыр соққы болмақ. Жәнібек оны қиын таңдаудың алдында қалдырды. Енді Шираз қай салдарға көнуге дайын екенін шешуі керек», — деп жазды басылым.

WBO бұған дейін Жәнібек Әлімханұлын Шираздың белбеуіне міндетті үміткер ретінде бекіткен. Top Rank пен Queensberry Promotions келіссөз мерзімін ұзартуды бірлесіп сұрағаннан кейін ұйым тараптарға 10 қыркүйекке дейін уақыт берді.

Егер осы мерзімге дейін келісім жасалмаса, жекпе-жекті ұйымдастыру құқығы промоутерлік саудаға шығарылады. Әлімханұлы кәсіби рингте 17 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 12-сі нокаутпен аяқталды.