Қырғызстандық көкпаршылар шешуші матчтың басым бөлігінде алда болды. Үзілістен кейін олар қарсыласына бірде-бір ұпай жинауға мүмкіндік бермеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазақстан құрамасы финалға екі жеңіспен жетті. Көшпенділер ойындарының қазіргі чемпионы топтық кезеңде Ресей құрамасын 14:1 есебімен ойсырата жеңіп, кейін Мажарстаннан 9:4 есебімен басым түсті. Қазақстандықтар В тобында бірінші орын алып, турнир финалына қатарынан үшінші рет шықты.
Шешуші кездесу 6 қыркүйекте Чолпон-Атадағы «Көк-Бөрі» алаңында өтті. Алаң иелері бірінші минутта-ақ Дастан Руслановтың салымымен есеп ашты. Тоғызыншы минутта Құрманбек Тұрғанбек сан басымдығын пайдаланып, есепті теңестірді.
Одан кейін Манас Ниязов пен Дастан Русланов Қырғызстанға екі ұпайлық басымдық әкеліп, есепті 3:1-ге жеткізді. Ынтымак Алипбаев 13-минутта нәтижелі шабуыл жасап, Қазақстан құрамасының есеп айырмасын қысқартты.
Үзіліске аз уақыт қалғанда қырғызстандықтар тағы бір салым жасады. Алайда кейін төрешілер бұл ұпайды есептемеді. Себебі командалар төрешінің ысқырығын күтпей ойынды қайта бастаған. Осылайша, бірінші таймнан кейін Қазақстан 2:3 есебімен ұтылып жатты.
Кездесудің екінші бөлігінде Қазақстан құрамасы есепті өзгерте алмады. Қырғызстан спортшылары жауапсыз төрт салым жасап, ұпайларды Ысқақ Бекболот уулу, Дастан Русланов, Манас Ниязов және тағы да Ысқақ Бекболот уулу еншіледі. Финал Қырғызстанның 7:2 есебімен жеңісімен аяқталды.
Осылайша, Қырғызстан құрамасы алтын медаль, Қазақстан күміс жүлде иеленді. Қола жүлде Ресей құрамасына бұйырды. Ресейліктер үшінші орын үшін кездесуде Өзбекстанды 5:4 есебімен жеңді.
Осы финалға дейін Қазақстан мен Қырғызстан ұлттық құрамалары көкпар ережесі бойынша үш рет кездескен және үш матчтың барлығында қазақстандықтар жеңіске жеткен. 2017 жылы Қазақстан әлем чемпионатының финалында 4:1 есебімен жеңіске жетсе, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қырғызстанды 2022 жылы 4:3, 2024 жылы 5:4 есебімен ұтқан. Қазіргі жеңіс Қырғызстан құрамасының Қазақстанды көкпарда алғаш рет жеңуі болды.