Бұл туралы RAF Moscow жарысы алдындағы баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Еркін күрестен кәсіби жарыстар ұйымдастыратын америкалық Real American Freestyle (RAF) промоушені Қазақстанда турнир өткізетінін жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы RAF Moscow жарысы алдындағы баспасөз мәслихатында мәлім болды. Лига алдағы уақытта Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан және Қытайда да турнир ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, халықаралық жобаның мақсаты — әлемнің үздік балуандарына үлкен сахнада бәсекеге түсуге мүмкіндік беру және жанкүйерлерге тартысты спорттық шоу ұсыну.
RAF жарыстарына Қазақстаннан еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан, сондай-ақ аралас жекпе-жек шеберлері Асу Алмабаев пен Қуат Хамитов қатысады.
Промоушен турнирлерінде еркін күрес шеберлерімен бірге UFC-дің қазіргі және бұрынғы танымал спортшылары да белдесіп жүр. Олардың арасында Хамзат Чимаев, Тайрон Вудли, Генри Сехудо, Мераб Двалишвили, Колби Ковингтон және Арман Царукян бар.
Real American Freestyle — еркін күреске негізделген кәсіби лига. Оның жекпе-жектері алдын ала қойылған сценарийсіз, спорттық ережелер бойынша өткізіледі.