$ 462.3  538.07  5.41

«Әлемдегі ең ұлы спортшылардың бірі»: Умар Кремлев Головкинге Астанада көпшілік алдында алғыс айтты

Біздің ортақ мақсатымыз – әр боксшыға өз елі мен халқын таныстыруға мүмкіндік беру.

Фото: offside.kz
Фото: offside.kz

IBA президенті Умар Кремлев Астанада өтетін IBA Nomad турнирі қарсаңындағы баспасөз мәслихатында World Boxing басшысы Геннадий Головкин туралы айтып, екі ұйымның боксшыларға қатысты ортақ мақсаты бар екенін жеткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Кремлев Қазақстанның әлемдік боксқа талай мықты чемпион бергенін атап өтіп, Головкинді әлемдегі ең ұлы спортшылардың бірі деп атады.

«Қазақстан талай ұлы чемпионды тәрбиелеп шығарды. Геннадий Головкин – әлемдегі ең ұлы спортшылардың бірі. Оның да, менің де мақсатым – боксшыларға шектеу қойылмай, олардың ештеңеге мұқтаж болмауына жағдай жасау. Біздің ортақ мақсатымыз – әр боксшыға өз елі мен халқын таныстыруға мүмкіндік беру. Мұндай жағдайды тек бірлесе отырып жасай аламыз», – деді Кремлёв.

IBA басшысы Головкиннің жеке ұстанымына да тоқталып, оның дербестігі мен талапшылдығын ерекше бағалады.

«Геннадийге тәуелсіздігі, қаталдығы және талапшылдығы үшін алғыс айтқым келеді», – деді ол.

Айта кетейік, шілде айының соңында World Boxing ресейлік боксшыларға барлық жас санатындағы ресми жарыстарда ұлттық туы мен әнұранын пайдаланып өнер көрсетуге рұқсат берген еді.

Бұған дейін Ресей бокс федерациясы World Boxing ұйымының толыққанды мүшесі атанды. Сәуір айынан бастап ресейлік спортшылар ұйым жарыстарына қатысу мүмкіндігіне ие болғанымен, бастапқыда бейтарап мәртебеде өнер көрсетті.

Кейін Халықаралық Олимпиада комитеті Ресей Олимпиада комитетіне қатысты шектеулерді уақытша тоқтатқан соң, боксшыларға ұлттық рәміздермен шығуға мүмкіндік берілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0