Бұл туралы боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO ұйымының орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Ширазға қарсы міндетті жекпе-жегін Нью-Йоркте өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әлімханұлының айтуынша, жекпе-жекті дәл осы қалада өткізуге себептің бірі – Нью-Йоркте қазақ жанкүйерлерінің көп болуы. Бұл туралы боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Top Rank Хамзамен жекпе-жегімізді ұйымдастырып, оны Нью-Йоркте өткізеді деп үміттенемін. Себебі ол жерде қазақтар көп! Арена толығымен менің жанкүйерлеріме толады», – деп жазды Әлімханұлы.
Бұған дейін WBO Жәнібек Әлімханұлын Хамза Шираздың чемпиондық титулына міндетті үміткер ретінде бекіткен болатын.
Енді екі боксшының командалары жекпе-жек шарттарын өзара келісу үшін 20 күн уақыт алды. Егер белгіленген мерзімде ортақ мәмілеге келе алмаса, жекпе-жекті өткізу құқығы арнайы сауда арқылы анықталады.