$ 464.02  536.18  5.54

«Қайрат» «Ұлытауды» ірі есеппен жеңіп, үш ұпайға ие болды

Матч бұл жолы Орталық стадионда емес, Т. Сегізбаев атындағы Академияның алаңында өтті.

Фото: Курсив медиа
Фото: Курсив медиа

Қазақстан Премьер-лигасының 22-туры аясында Алматының «Қайраты» өз алаңында «Ұлытауды» қабылдап, 3:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Матч бұл жолы Орталық стадионда емес, Т. Сегізбаев атындағы Академияның алаңында өтті. Бұған Алматының басты аренасында әлемдік рэп-жұлдыз Канье Уэсттің концерті жоспарланғаны себеп болды.

Кездесу алдында «Қайрат» футболшылары ауыр жарақат алған португалиялық ойыншы Жоржиньоға қолдау білдірді. Команда мүшелері алаңға «Forca Jorginho» деген жазуы бар жейдемен шықты.

Алғашқы голды алматылықтар 32-минутта соқты. Марк Гуалдың нәтижелі пасын Эдмилсон сәтті пайдаланып, есеп ашты.

Екінші тайм басталғаннан кейін «Қайрат» артықшылығын еселей түсті. Густаво Мендонсаның әуелете берген добын Юккола қақпаға бағыттап, есепті 2:0-ге жеткізді.

70-минутта алаңға қосылған Азамат Тұяқбаев төрт минуттан кейін-ақ қарсылас қақпасын дәл көздеп, «Қайраттың» үшінші голын соқты.

Матчтың негізгі уақытына қосылған минуттарда «Ұлытаудың» ойыншысы И. Черняк пенальтиді мүлтіксіз орындап, бір голдың қарымтасын қайтарды.

Жанкүйерлер саны әдеттегіден аз болғанына қарамастан, «Қайрат» кездесудің басым бөлігінде ойын тізгінін өз қолында ұстап, 3:1 есебімен маңызды жеңіске жетті және қоржынына үш ұпай қосты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0