09.07.2026, 11:00

«Қайрат» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойында жеңіске жетті

Фото: ФК Қайрат

«Қайрат» ойыншылары тең ойынға қанағаттанбай, соңғы минутта жеңісті жұлып алды. 

Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңін Алматының «Қайраты» сәтті бастады. Өз алаңында черногориялық «Сутьеску» клубымен кездескен Қазақстан чемпионы 2:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бірінші таймда алматылықтар шабуылшысы Жоржиньо шабуылдардың бірін тур соққымен аяқтап, гол соққан. Алайда, төрешілер бұл сәтті қайталап көргеннен кейін оффсайд болғанын анықтап, голды есепке алмады. Тайм 0:0 есебімен аяқталды.

Есесіне жанкүйерлер екінші таймда үш бірдей голға куә болды. 76-минутта Исмаил Бекболаттың берген пасына бірінші болып жеткен бразилиялық легионер Лукас Африко есеп ашса, 90-минутта қонақтар шабуылшысы Марко Мрвалевич таразы басын теңестіріп кетті.

«Қайрат» ойыншылары тең ойынға қанағаттанған жоқ. Төреші қосқан қосымша минутта (90+2) тағы сол Исмаил Бекболаттың пасын бұл жолы Марк Гуаль голға айналдырды. Осы есеп төреші ысқырғанға дейін сақталып, алматылық клуб маңызды жеңісіне қол жеткізді.

Қарымта ойын Черногорияда 16 шілдеде өтеді. Жеңіске жеткен команда іріктеу кезеңінің екінші айналымына жолдама алады.