Өзбекстан Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз хатшысы Зафар Имамходжаев қазақстандық жанкүйерлердің қолдауына ерекше ризашылығын білдірді.
Өзбекстан құрамасына қазақ жанкүйерлері де қолдау көрсетуде. Футболдан Өзбекстан құрамасы 18 маусым күні әлем чемпионатындағы тарихи алғашқы матчын өткізеді. Өзбекстан құрамасына қазақ жанкүйерлері ерекше қолдау көрсетуде, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Көршілес елдің ұлттық командасы алғашқы ойында Колумбия құрамасымен кездеседі. Фабио Каннаваро баптайтын өзбекстандық футболшыларға бүгінде бүкіл Орталық Азия жанкүйерлік танытып отыр.
Өзбекстан Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз хатшысы Зафар Имамходжаев қазақстандық жанкүйерлердің қолдауына ерекше ризашылығын білдірді.
«Рас, бұл жетістік бір Өзбекстанның емес, бүкіл Орталық Азия жұртшылығының ортақ қуанышына айналды. Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, Түрікменстаннан және өңірдің басқа да елдерінен де жүз мыңдаған жанкүйер тілекші болып жатқанын көріп отырмыз. АҚШ-қа құрамамыздың ойындарын тамашалау үшін арнайы барған қазақ жанкүйерлерін де көріп риза болдық. Тіпті футболшыларымызды Нью-Йорк әуежайына барып арнайы күтіп алды. Олар футболшыларға сәттілік тілеп, әлем чемпионаты алдында қолдау білдіру үшін арнайы жиналды. Бұл футболдың халықтарды жақындастырып, бауырлас елдерді біріктіретін үлкен күш екенін тағы бір мәрте көрсетті»- деді ол.
Әлем чемпионаты қарсаңында Өзбекстан құрамасы Канада және Нидерланд құрамаларымен жолдастық кездесулер өткізді. Бұл матчтар алдағы турнирге дайындықтың маңызды кезеңі болды.
Канадамен өткен ойын Колумбияға қарсы кездесуге дайындық ретінде бағаланса, Нидерландпен матч Португалиямен болуы мүмкін ойын алдындағы маңызды сынақ саналды. Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы тарихында алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алып отыр.