29.05.2026, 21:30

Министр Ербол Мырзабосынов Михаил Шайдоров мәселесін жеке бақылауына алды

Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Оның жеңісі қазақстандық мәнерлеп сырғанау спорты мен жалпы отандық спорт тарихындағы айтулы оқиға болды.

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа жалақы төленбеуіне қатысты дауға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Zakon.kz порталына берген сұхбатында министр Михаил Шайдоров жаңа олимпиадалық циклге арналған келісімшартқа қол қойылғаннан кейін мемлекет тарапынан толық қолдау алатынын айтты. Оның сөзінше, мәселе министрдің жеке бақылауында.

«Михаил Шайдоров – ел мақтан тұтатын көрнекті спортшы, Олимпиада чемпионы. Оның жеңісі қазақстандық мәнерлеп сырғанау спорты мен жалпы отандық спорт тарихындағы айтулы оқиға болды.

Мұнда бір жайтты нақтылап өткен жөн: әңгіме бес ай бойы жалақы төленбегені туралы емес. 2026 жылдың ақпанына дейін Михаил алдыңғы олимпиадалық цикл аясындағы келісімшарт бойынша жалақы алып келді. 2026 жылғы Олимпиада ойындарынан кейін, ақпан айында ол келісімшарттың мерзімі аяқталды. Наурыз айынан бастап келесі олимпиадалық циклге арналған жаңа келісімшарт жасалуы тиіс еді.

Мұндай рәсім ұлттық құраманың барлық спортшыларына ортақ. Бір дайындық кезеңі аяқталған соң, келесі циклге жаңа келісімшарт рәсімделеді. Бұл – қалыпты тәжірибе. Қазіргі уақытта спортшымен жаңа келісімшартқа қол қойылған жоқ, сондықтан жаңа кезең бойынша төлем жасауға заңды негіз жоқ», – деді Ербол Мырзабосынов.

Министрдің айтуынша, Михаил Шайдоров жаңа келісімшарттағы «Міндеттемелер» бөлімімен келіспеген.

«Олимпиада алтынын жеңіп алғаннан кейін спортшының мәртебесі өзгергені анық. Сондықтан Михаилға Олимпиада чемпионы ретіндегі статусына сай, анағұрлым тиімді шарттар ұсынылды. Қаржыландыруды қысқарту, жағдайын нашарлату немесе ұлттық құрамадағы мәртебесін төмендету туралы сөз болуы мүмкін емес.

Керісінше, жаңа келісімшарт оның жетістіктері мен Олимпиада чемпионы атағын ескере отырып жасалған. Алайда спортшы “Міндеттемелер” тармағымен келіспегендіктен, тараптар әзірге ортақ құқықтық шешімге келе алмай отыр. Біз спортшының ұстанымына құрметпен қарап, онымен конструктивті диалог жүргізіп жатырмыз», – деді министр.

Сондай-ақ Ербол Мырзабосынов дәрігер мәселесіне және спортшыға «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері» атағын беру жайына да тоқталды.

«Жекелеген спортшыларға немесе командаларға дәрігерлер мен массажистер оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстар кезінде бекітіледі. Осылайша, тәулік бойы медициналық қолдау көрсетіледі. Михаилдың бас бапкерінен оқу-жаттығу жиынын өткізу немесе жарысқа шығу туралы өтініш түскен жағдайда, Олимпиада кезіндегідей жеке дәрігер қайта бекітіледі.

Сонымен қатар спортшының бапкерлер штабы жұмысын жалғастырып жатыр. Бас бапкер Әсем Қасанова, Михаилдың жеке жаттықтырушысы Алексей Урманов және құрамамен жұмыс істейтін өзге де мамандар жаңа келісімшартқа қол қойған.

Михаилға тиісті атақты беруге ешқандай кедергі жоқ. Ол бұл марапатқа өзінің тарихи нәтижесімен толық лайық. Тиісті бұйрық әлдеқашан дайын. Белгі мен куәлікті Астанада өтетін салтанатты кездесуде табыстаймыз», – деді министр.

Министрдің мәліметінше, жаңа келісімшартқа қол қойылғаннан кейін Михаил Шайдоров өткен үш айдың барлық төлемін толық көлемде алады.

«Мемлекет Олимпиада чемпионы алдындағы міндеттемелерінен бас тартпайды. 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарындағы алтын медаль үшін берілетін сыйақы барлық міндетті рәсімдер аяқталған соң, биылғы маусым-шілде айларында төленеді», – деді Ербол Мырзабосынов.