Беделді халықаралық Norway Chess Women 2026 жарысы Норвегияның Осло қаласында өтіп жатыр.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Norway Chess Women-2026 турниріндегі жеңісті сериясын жалғастырып, төртінші турда әлем чемпионын жеңді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Асаубаеваның бұл жолғы қарсыласы әйелдер арасындағы әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь болды. Тартысқа толы негізгі партия тең нәтижемен аяқталған соң, жеңімпаз армагеддон форматындағы қосымша ойында анықталды.
Шешуші партияда ақ тастармен ойнаған қазақстандық шахматшы жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, небәрі 6 минут 23 секунд ішінде қарсыласынан басым түсті. Осы жеңістің арқасында Бибісара турнирлік қоржынына 1,5 ұпай қосып, жалпы көрсеткішін 7 ұпайға жеткізді.
Төрт тур қорытындысы бойынша Асаубаева Norway Chess Women-2026 турнирінің жеке көшбасшысы атанып отыр. Қазақстандық спортшы әлемнің үздік шахматшыларымен бәсекеде тұрақты ойын көрсетіп, чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі екенін дәлелдеп келеді.
Айта кетейік, беделді халықаралық Norway Chess Women 2026 жарысы Норвегияның Осло қаласында өтіп жатыр. Турнирде әлемнің ең мықты әйел шахматшылары бақ сынап жатыр.