$ 461.26  542.58  6.18

Астанада үстел теннисінен әлем чемпионаты 2027 жылы алғаш рет өтеді: турнир туы Қазақстанға ресми түрде табысталды

Финалда Қазақстан 54,68 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті.

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Қазақстан 2027 жылғы үстел теннисінен әлем чемпионатын өткізу эстафетасын ресми түрде қабылдады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) туын салтанатты табыстау рәсімі Лондонда өтіп жатқан қазіргі әлем чемпионаты алаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясына сілтеме жасап.

Осы сәттен бастап Қазақстан әлемдегі ең ірі халықаралық спорттық жарыстардың бірін ұйымдастырушы мәртебесін ресми түрде иеленді. Үстел теннисінен әлем чемпионаты 2027 жылғы 22-30 мамыр аралығында Астанада өтеді.

Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде алғаш рет үстел теннисінен әлем чемпионатын өткізетін мемлекет атанып отыр. Бұл – бүкіл өңір үшін тарихи жетістік. Осындай деңгейдегі турнирді өткізу отандық спортты дамытуға және елдің халықаралық беделін нығайтуға маңызды серпін береді.

Чемпионатқа спортшылар, жаттықтырушылар, ұлттық федерациялар өкілдері, төрешілер мен халықаралық делегаттарды қоса алғанда шамамен 1250 ресми адам келеді деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ жарыс шетелдік жанкүйерлер мен елорда қонақтарының көптеп келуіне ықпал етеді.

Жарыс бес санат бойынша өтеді: ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сын, ерлер мен әйелдер жұбы, сондай-ақ аралас жұптар бәсекесі.

Негізгі жарыс алаңы ретінде 8 мыңға жуық көрермен сиятын «Барыс Арена» мұз сарайы таңдалды. Қосымша алаң ретінде 6,8 мың адамға арналған QAZAQSTAN жеңіл атлетика кешені пайдаланылады.

Чемпионат аясында Астанада ITTF Summit 2027 іс-шарасы да ұйымдастырылады. Оның құрамына Халықаралық үстел теннисі федерациясының жыл сайынғы Бас ассамблеясы (AGM) мен Атқару комитетінің отырыстары кіреді.

«Астанада әлем чемпионатының өтуі – Қазақстанда үстел теннисінің дамып, жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі.

Бұл біз үшін әлемдік деңгейдегі турнир өткізіп қана қоймай, еліміздің халықаралық спорт аренасындағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ұйымдастыру комитеті.

2027 жылғы әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу туралы шешім 2025 жылғы 27 мамырда Қатардың Доха қаласында өткен ITTF бас ассамблеясында қабылданған болатын. Турнирді өткізу құқығына Қазақстаннан бөлек Франция, АҚШ, Қытай және Бразилия үміткер болды.

Финалда Қазақстан 54,68 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті.

«Туды Қазақстанға табыстау – елге алдағы әлем чемпионатының иесі ретінде көрсетілген сенімнің белгісі. Біз Астананың ұйымдастыру жұмысын жоғары деңгейде өткізіп, әлемдік үстел теннисіне лайықты алаң болатынына сенімдіміз», – деп мәлімдеді Халықаралық үстел теннисінің федерациясы (ITTF).

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0